А. Рау бастаған үкіметтік жұмыс тобы Қарағанды облысында болды

ҚАРАҒАНДЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау бастаған үкіметтік жұмыс тобы Қарағанды облысында болды.

Топ мүшелері елдің Индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады. Одан кейін А.Рау Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты.

Сонымен қатар Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі облыс әкімдігінде 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИДБ алғашқы жылының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыс өткізді. Даму институттарының өкілдері жиналған кәсіпорын басшыларына жаңа бизнесті қолдау тетіктері жайлы айтып өтті. «Өнімділік-2020» бағдарламасы таныстырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз қазір барлық аймақтарды аралап жүрміз. Бізді бірінші кезекте былтырғы жылы елдің Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген жобалардың қазіргі жағдайы қызықтырады. Сондай-ақ біз басқа да жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысатын боламыз. Сапарлардың тағы бір мақсаты - бизнесті қолдаудың жаңа құралдары туралы сөз қозғау», - деді журналистерге берген сұхбатында А.Рау.

«Қарағанды облысында бүгінгі таңда Индустрияландыру картасына жалпы құны 213 млрд. теңге болатын 23 инвестициялық жоба енгізілген, сол арқылы жаңадан 3 607 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр», - деді ҮИИДБ жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ерболат Каргин.