Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Шалабаева ханым 1 маусымнан бастап ешқайда кетпеу туралы қолхатпен отыр. Бұл оның тергеушілердің рұқсатынсыз Алматыдан кете алмайтындығын білдіреді. Қалған құқықтары бойынша ол шектелмеген», - деді Нұрдәулет Сүйіндіков. Оның айтуынша, егер А. Шалабаева егер өз еркімен Алматыдан тыс басқа жаққа, соның ішінде шетелге шығуы талап етілетін жағдайлар болса, ол тергеушіге тиісті өтініш бере алады, ал тергеуші осындай мүмкіндіктерді қарастырады. «Менің білуімше, ол бүгінге күнге дейін мұндай өтінішті білдірмеген», - дейді прокуратура өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, БТА банктің экс-басшысы М. Әбіләзовтің жұбайы Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Алуа Әбіләзова Италияда Орталық Африка республикасының жалған төлқұжатымен заңсыз жүруіне байланысты ұсталып, кейіннен Қазақстанға депортацияланған болатын.