«Шындығында, кез келген мәселені жетілдіріп отыру керек. Біз жыл соңына дейін қазақ күресінің ережесіне, оның әдістеріне, сонымен қатар төрешілердің баға беруіне біршама өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, кейде осы әдемі саналатын қазақша күрестің барысында палуандар үшін боз кілемде қиындау жағдайлар болып кетіп жатыр. Ұпай беру әдістерін өзгертіп, күресті белсендіру мақсатында түзету жасайтын боламыз. Бұл біздің күрестің әдемілігін де, жұртшылық үшін тартымдылығын да арттыра түседі», - деді Арман Шораев.
Оның айтуынша, қазіргі күні осы қазақша күрестің басы-қасында жүргендер, оны зерттеп жүрген ғалымдар, тәжірибелі жаттықтырушылар бәрі осыған жұмылып жатыр.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Әлем барысы» турнирін жыл сайын емес, екі жылда бір рет өткізу де жоспарланады. Айта кетерлігі, қазақ күресіне соңғы уақытта әлемдік спортсүйер қауым қызығушылық танытып жатыр екен. Мәселен, «Әлем барысын» өткізу туралы ұсыныстар Түркия, Ресей, Моңғолия тарапынан түскен.