А. Шораев: «Қазақстан Барысын» әлемде 400 миллион көрермен тамашалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысын» қазақстандық және шетелдік телеарналар трансляциялайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федарациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

«Қазақстан Барысы» турнирінен хабар тарату мәселесіне тоқталған ол: «Қазақстандық арналардан KAZSport трансляция жасамақ, ал еліміздегі өзге арналар ақпараттық серіктес болып табылады. Мұнымен қоса, шетелдік телеарналар арасында төртінші мәрте ресейлік «Боец» арнасы турнирдi көрсететiн болады»,-деді.

Бұдан бөлек, айтулы доданы көрсетуге Түркияның, Италияның, Украинаның, Грузияның арналары, сондай-ақ Интернет телеарналар қосылады деп күтілуде.

«Жалпы алғанда телекөрермендер саны 300-400 млн. адамға жетеді деп пайымдап отырмыз»,-деді А. Шораев.

ҚР Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық сыны 5 шілдеде елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Атап айтқанда, аталған турнир аясындағы іріктеу төрт кезеңде өтеді. Бірінші кезеңдегі іріктеулер ағымдағы сәуір бойы ауылдар мен елді мекендерде, ІІ кезең - ауданды, қалалық 1-15 мамыр аралығында, III кезең - облыстық іріктеулер 20 мамырға дейін, сондай-ақ соңғы кезең ақтық сын. Ақтық сайысқа қатысатын балуандар арасында 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі.