«Фәкең елге ең алдымен ақын ретінде танылды. Шын мәнінде қазақ поэзиясында Махамбеттерге тән үлкен жігер сақталып келсе, қазақ поэзиясында айбын пайда болатын болса, қазақ әдебиетінде қоғамдағы шындық өз қалпында айтылып, сыналып жататын болса, осының бәріне Фариза Оңғарсынованың ықпалы өте зор», - деп атап өтті ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Ф. Оңғарсынованың поэзиясы шыншыл, өткір, жалынды поэзия. «Ел Фәкеңнің шығармашылығын да сыйлады, еліне деген шын жанашырлығы үшін қайраткерлігін де сыйлады», - дейді депутат.
А. Смайылдың ойынша, дәл қазір өмірден озғаны бар, қазір өмір сүріп жатқаны бар, өнердің айналасында жүрген талай азаматтар бар. Солардың ішінде халқы қалтқысыз құрметтеген Фаризадай адам өте сирек кездеседі.
«Ол кісіні Қазақстанның барлық түкпірінде өзінің бауырындай асыға күтіп отыратын. Барса, төбелеріне көтеретін. Фәкеңді қайраткер ғана емес, өзінің туған қызындай көретін. Ал енді Фәкең қоғамдық жұмысқа, мемлекеттік қызметке, саяси шараларға араласып, халыққа басқа қырынан танылған кезде, ол кісіні ел өзінің анасы сияқты көрді. Фәкең шын мәнісінде өзінің бүкіл керемет қасиеттерімен елдің анасына айналған үлкен тұлға. Мұндай бағаны халықтың өзі берген. Халық анасы атану деген оңай емес! Сондықтан біз өзіміздің анамызды ақтық сапарға шығарып салып отырмыз деп толық айта аламын. Бұл үлкен қаза», - дейді халық қалаулысы.
Мәжілісменнің айтуынша, Ф. Оңғарсынова өмірде өзінің еңбегіне орай құрмет-қошеметке бөленді. Бірақ ол кісінің қол жеткізген ең үлкен жетістігі - халықтың құрметі болатын. «Ендігі біздің міндетіміз Фәкеңнің сол еңбектерін әрмен қарай халықтың игілігіне жарата отырып, Фәкең айтқан өсиеттерді, көзі тірі кезінде армандап кеткен нәрселерді жалғастыруға тырысуымыз керек», - дейді А. Смайыл.
«Фәкең, ең біріншіден, өзінің туған тілі үшін жаны ашып өткен адам. Осы тілдің төңірегінде көптеген ойлары, өлең-жырлары бар. Фәкең мемлекеттік тілді өзінің тұғырына қондырып, ана тіліміздің мерейі үстем болған шағын бір көрсем деп армандайтын. Сол үшін күресті де. Фәкең «қазақ әдебиетін, мәдениетін әлемге танытуға неге асықпаймыз? Неге бізді ел Гете, Гейне сияқты оқымайды, неге композиторларымыздың дүниелерін әлем халқы білмейді? Біз неге өзіміздің керемет мәдениетімізді насихаттай алмай жүрміз? Осыған мемлекеттік көзқарас қашан қалыптасады?» деп алаңдайтын. Біз осыны жүзеге асыруымыз керек», - дейді депутат.
Оның айтуынша, Фариза ақынның ең қадір тұтқан қасиеті - адалдық. «Өзімен бірге жүрген, үзеңгілес болған адамдардың барлығынан адалдықты талап ететін. Сондықтан біз Фәкеңе адал бола отырып, өзімізге, елімізге, тәуелсіздігімізге, алда тұрған армандарымызға адал болайық дегім келеді. Марқұмның топырағы торқа болсын!» - деп түйіндеді А. Смайыл.