А.Смайыл саяси саланың биылғы елеулі оқиғасын атап берді

None
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Нұр Отанның» жаңа доктринасының қабылдануы биылғы жылдың елеулі саяси оқиғасы деп айтуға болады. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл осылай айтты.

«Негізі, биылғы жылдың маңызды деген оқиғалары бірнеше салада болды. Саяси салада «Нұр Отан» партиясының жаңа доктринасы қабылданды. Осыны ерекше атап өтуге болады. «Неге?», - десеңіз, бұдан бұрын қабылданған доктрина 90 жылдардан бергі мәселелерді қамтыды. Қазір заман өзгерді. Қазақстан ғаламның көптеген державалық мемлекеттерімен әрі саяси, әрі экономикалық, әрі рухани байланыстарды күшейтіп, жер-жаһанның белді халықаралық ұйымдарына мүше болды. Оның барлығына мүше болып қана қоймай, идея беретін төраға деңгейіне де көтерілді. Бұдан бөлек, өзіміздің ішкі рухани әлеміміз де біршама көркейді. Еліміз индустриалды-инновациялық даму жолына түсті. Біз бұрынғы «шикізат беруші мемлекет» деген айдардан арыла бастадық. Осыған байланысты саяси ұстанымдар да өзгереді. Міне, содан «Нұр Отан» партиясының жаңа доктринасын қабылдау қажеттілігі туындады. Онда алғаш рет ана тілімізге, ұлттық мәдениет пен өнерімізге арнайы мән беріліп, Тәуелсіздік халқымыздың басты құндылығы ретінде белгіленді», - дейді халық қалаулысы.

Бүгінде партияның жаңа доктринасы іс жүзінде қолға алына бастады. Мәселен, ұлттық өнерімізге келсек, көптен бері көрінбей кеткен айтысымыз сахнаға шықты. Таяу уақыттың ішінде екі рет республикалық айтыс өткізілді. Бұдан басқа, партия құсбегілік өнерін дамыту жұмысына да атсалыса бастады. Астанада өткен бүркітшілердің халықаралық фестивалі соның айқын дәлелі бола алады. Көкпар тарту спортына да мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. «Бұрын осылардың барлығы мүлдем қолға алынбады деп айту әбестік болар. Сол кезде белгілі бір қоғамдық ұйымдардың көмегі арқасында өткізілді ғой. Дегенмен, қазір ұлттық өнерімізге қатысты шараларға саяси партия қолдау жасауға кірісті. Оның ерекшелігі сол, аталған шаралар бүкілхалықтық ауқымда ұйымдастырылады», - деп атап көрсетті А.Смайыл.