Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана «Екі алып және құрыш қазақ» атты әдеби оқу ұйымдастырды
Қазақ даласында атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтар қаншама. Сыр өңірінде 500-ден астам жәдігерлер есепке алынған. Олардың ішінде археологиялық, тарихи, республикалық дәрежедегі ескерткіштер бар. Солардың бірі - поэзия алыбы Әбділда Тәжібаев, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов және құрыш қазақ Зейнолла Шүкіров ескерткіші.
Туған жерде тұғырына қонған бұл үш тұлға өз туындылары арқылы зұлымдық пен адалдықтың, ерлік пен ездіктің, адамзатты сүйе білу мен жауыздықтың күресін суреттеп, халық бойындағы ерлік пен қайсар мінезді, азаматтық тұрақтылық пен адамдардың жаңа өмір жолындағы күресін, қиыншылықтарын бейнелеумен халық жүрегінен өз орындарын тапқан жандар.
Ескерткіш жанында М.Мәметова атындағы педагогикалық колледж студенті Айжанар Омарова «Әбділда ақынға арнау» атты жүрекжарды туындысын, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы, Шәкәрім жырларын жатқа оқып, облыстық байқауының жеңімпазы Салтанат Көбенқызы Сейфолла Оспанның «Қалағаңа», 7 а сынып оқушылары Ақерке Шайқыбек Қанапия Дәрібаевтың «Бүгін шындық, ертең елес», Айдана Жеңіс Әбділда Тәжібаевтың «Сыр туралы жыр», И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледж студенті Гүлбақыт Баекенова Зейнолла Шүкіровтың «Кітап жайлы жыр», кітапхана қызметкері Лаура Серікқызы Әбділда Тәжібаевтың «Тағдырым туралы» өлеңдерін оқып берді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері Дархан Үпсұлтанов пен Айдар Үсенов өсиетке толы термелерді төгілдірді.
Сұлу Сырдың мақтан тұтар перзенттерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.