Қаладағы, әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында тіршілікті қамтамасыз етудің маңызды нысандарының бірі 4-ші және 5-ші жылу магистральдары. Аталған жоба ЭКСПО-2017 көрмесінің объектілерін жылумен жабдықтауға бағытталған және қайта салынып жатқан аудандарды жылумен қамтудың басты жолы.
«Инженерлік инфрақұрылым қаланы одан әрі дамытудың фундаменті болып табылады. Сондықтан осы саладағы жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыру қалалық қызметтердің басым бағыттарына жатады», - деп атап өтті Астана әкімі.
Жылу желісінің құрылысы екі кезекпен жүргізілуде. Кеңейтіліп жатқан ЖЭО-2 жылу энергиясын «Мыңжылдық аллеясы» ауданына, жаңа вокзал мен Астананың сол жағалауына тарату үшін салынып жатқан 1-ші кезектегі 4-ші жылу магистралінің ұзындығы 13,7 км.
Ә. Жақсыбеков салынып жатқан жылу магистралінің қажетті гидравликалық режимін қамтамасыз ететін №15 сорғы стансасында болды. Қазіргі кезде монолитті фундамент салу, ғимараттың негізгі қаңқасын және қабырғалар панельдерін монтаждау бойынша негізгі жұмыстар аяқталды, технологиялық қондырғыларды құрастыру қолға алынды. 4-ші жылу магистралінің құрылысын 2016/2017жж жылыту маусымы басталғанша аяқтау көзделген.
ЖЭО-3 жылуын қаланың сол жағалауына тарату үшін 5-ші жылу магистралі салынып жатыр. Осылайша, елорданың жаңа аудандары да үздіксіз және сенімді жылумен қамтамасыз етіледі.