Тараптар көлік, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту секілді бірқатар бағыттар бойынша қалалық құрылымдар мен Еуропа қайта құру және даму банкінің ынтымақтастығы жөніндегі мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында әкім Қазақстан экономикасын жаңартудағы, сондай-ақ муниципалдық жобаларды жүзеге асырудағы банктің қомақты үлесін ерекше атап өтті.
Елорда басшысы қонақтарға қысқа мерзім ішінде Астананың жеткен жетістіктері жайында айтып берді.
- Астананы ауқымды өзгерістер күтіп тұр. ЭКСПО-2017 негізінде Астанада халықаралық қаржы орталығын құру туралы Мемлекет басшысының бастамасы, елордада ірі көлік-логистикалық хабын жасақтау қаланың одан арғы дамуына зор ықпал етеді, - деді әкім.
Елордада ЖРТ, теміржол және автовокзалдар құрылысы, әуежай терминалын қайта құру, инженерлік және коммуналдық желілерді жаңарту секілді ірі жобалар жүзеге асырылады.
- Осы орайда аталмыш жобаларды іске асыруда сіздің банк арқылы бюджеттен тыс қаржы тарту мүмкіндігінің болуы өте өзекті. Біз банк өкілдерімен бернеше рет кездесіп, ортақ жұмыстың бірқатар бағыттарын қарастырдық, - деді әкім ЕҚДБ өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда екі ауқымды жобаны ұзақ мерзімді қаржыландыру бойынша бірлескен жұмыс басталып кеткен.
Көлік инфрақұрылымын жаңарту үшін 200 бірлік автобус сатып алу және Астана қаласында тұрақ жүйесін енгізу бойынша «Астана LRT» ЖШС және ЕҚДБ арасындағы алдын ала келісімге қол қойылып, жүзеге аса бастады.
Кездесу барысында тараптар елорданың сумен қамту және су бұру жүйесін жаңартуды көздейтін жобаны жүзеге асыруға бағытталған екінші келісімге қол қойды.
- Біз аталған бағыттарда ынтымақтастықты арттыруға, сондай-ақ, жобаларды іске асыру бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды қарастыруға дайынбыз, - деп атап өтті сөз соңында қала басшысы.
Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанға 22 жылдан астам уақыттан бері инвестиция салып келеді. Банктің еліміздегі басымдықтарының бірі аймақтардың дамуына үлес қосу болып табылады. Осы күнге дейін Еуропа қайта құру және даму банкінен Қазақстанға түрлі 180 жобаға 6,9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. 2014 жылдың өзінде ЕҚДБ Қазақстан экономикасының барлық салаларын 700 млн. доллар көлемінде қаржыландырған. ЕҚДБ президенті Сума Чакрабартидің атап өтуінше, Қазақстан аталмыш банк үшін ең ірі нарықтардың біріне айналуы мүмкін.