Ә.Жақсыбеков: Астана спортшылары елорда жылнамасын жарқын жеңістерімен толықтырды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков 17-ші жазғы Азия ойындары мен 2014 жылғы өзге де халықаралық жарыстардың жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Әкім қаланың атын әлемге асқақтатып жүрген спортшыларға барша астаналықтар атынан алғыс білдірді.

Әділбек Жақсыбеков елордадағы спорттың бастауында Мемлекет басшының өзі тұрғандығын айта келе, спорттың барлық түрлері бойынша әлемдік талаптарға сай келетін заманауи нысандарды салу ісіне ерекше мән берілгендігін жеткізді. 2011 жылғы Азия ойындары мен өзге де халықаралық жарыстардың Астанада өткізілгені осыған дәлел.

Астана әкімі параолимпиадашыларға айрықша алғысын білдірді.

- 12-ші Азия параойындарында медальдар бойынша абсолютті рекорд орнатқан елордалық параолимпиадашыларға және оларды дайындаған адамдарға ризашылық білдіргім келеді. Көп жағдайда бапкерлердің еңбегі еленбейді. Бұл ретте Владимир Загородний, Берік Мыржықпаев, Әлия Түсіпбекова секілді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушыларын атап өткім келеді, - деді ол.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар елорда әкіміне қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдіре отырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа спортқа деген ерекше көңілі үшін алғыс айтамын. Астанада бұл сала одан сайын дами түседі дегенге сенімім мол. Барлық спортшылардың жоспары - алдағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіске жету, - деді бокстан әлем чемпионы, 17 жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, еңбегі сіңген спорт шебері Данияр Елеусінов.

Әділбек Жақсыбеков спортшыларға алғыс хаттарын тапсырды. Елорда спортшыларының өткен жылғы жеткен жарқын жеңістерінің бірі - «Астана» футбол клубының Қазақстан Республикасы чемпионатындағы жеңісі. Осы орайда әкім клуб капитаны Танат Нөсербаевқа арнайы сыйлық табыстап, барша спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.

- Сіздерге Астана жылнамасын жарқын беттермен толықтырғандарыңызға және өскелең ұрпаққа жақсы үлгі көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, - деді Әділбек Жақсыбеков.