Ә. Жақсыбеков елордадағы жұмыссыздықты толықтай жоюды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппараттық жиналыс өткізді. Жиналыстың басты тақырыбы - Мемлекет басшысының өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде айтқан бірқатар тапсырмаларын орындау, сонымен қатар, коммуналдық қызмет, көлік жүйесі мен денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыстары.

Жиын басында Ә. Жақсыбеков елорданың қарқынды дамуы үшін Мемлекет басшысының қойған талаптары мен тапсырмаларын орындаудың маңыздылығын атап өтті.

- Алдымызда тұрған басты талап - ол елорданың экономикалық өсімін сақтап қалу және тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдауды күшейту. Сондықтан бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың нәтижелі жұмыс жасауы үшін бюджетті оңтайландыру бойынша тез арада ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл арада жұмыс істеп жатқан жобаларды игеру ісіне басымдылық берілуі керек, - деді қала әкімі.

Аппараттық жиналыста баса мән берілген мәселе - жұмыссыздықты жою. Ә. Жақсыбеков барлық қалалық қызмет түрлеріне, елімізде ең төменгі көрсеткіштерге ие болып отырған елордадағы жұмыссыздықты тез арада жоюға тапсырма берді. Ол үшін қала басшысы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына арнайы жоба әзірлеп, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатуды тапсырды.

Қалалық басқармалардың жұмыс деңгейін айта келе, Ә. Жақсыбеков елорданың көлік логистикасында жүйелі жұмыстардың жоқтығын, қала тұрғындарын ақпараттандыру ісінің сапасыздығын сынға алды. Мәселен, қоғамдық көліктердің жол ақысының қалай қалыптасатыны жайында мүлдем айтылмайтыны аталып өтілді.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қаланы қардан тазалау жұмыстары да сөз болды.

- Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар белгіленген уақыт бойынша жүргізіліп жатқанына қарамастан, жеке сектор аумағынан қарды шығаруға бар күшті жұмсау керек. Әсіресе жылда су басу қаупі төнетін аудандарды, аулаларды тазартуға көп көңіл бөлу қажет. Индустриалды парк пен ЖЭО-2 аумақтарында судың қауіпсіз еріп, ағуын қамтамасыз ету үшін Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арналарын тазалау керек, - деді елорда әкімі.

Жиын соңында аудандық әкімдіктерге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дәмхана, шаштараз, дүкен аумақтарын санитарлық тазалау жұмыстарын мұқият қадағалау тапсырылды.

Денсаулық сақтау басқармасына тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жүргізу тапсырылды.