«Бүгін бәріңіз үшін ерекше күн. Мектеп қабырғасында өткен жылдарды артқа тастап, үлкен өмірге аяқ басып отырсыздар. Осы қуанышты күнмен барлығыңызды құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының арқасында жас ұрпаққа сапалы білім, жақсы тәрбие алу үшін барлық жағдай жасалған. Себебі еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Келешекте мемлекетімізді, Астанамызды одан ары көркейтуге өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін. Сіздерге сапалы білім және тәрбие берген ұстаздарға ризашылығымды білдіремін", - деді түлектерді құттықтаған қала басшысы.
Әкімнің атап өтуінше, биыл елордада 4695 түлек аттестат алған. Сонымен бірге олардың қазіргі кездегі басты міндеттері өмірлік жолда тірек, сенімді серік болатын кәсіпті анықтау екендігін де айтты.
«Жоғары оқу орындарының есіктері сіздер үшін ашық. Білім беру гранттары ұлғайтылып, шәкіртақы мөлшері ұлғайтылды. Әлемдік деңгейдегі «Назарбаев Университеті» құрылды. Сіздер оқуды жалғастырып, ұдайы білім алып, жаңа машықтарды игеру арқылы күнделікті өмірде білім мен технологияларды еліміздің игілігі үшін тиімді пайдалануларыңыз қажет», - деді Ә.Жақсыбеков.