Ә.Жақсыбеков елорданы «ақылды» қалалар рейтингінде алдыңғы орынға шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әлемнің интеллектуалды, инновациялық қалаларының біріне айналады. Бұл туралы бүгін «Smart Astana - 2014» халықаралық конференциясында елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков айтты.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласын барлық әлемдік стандартқа жауап беретін ақылды қала ретінде салып, жетілдіруді тапсырды. Маған Билл Хатчисон мырза (i-Canada қауымдастығының басшысы) Торонто қаласының рейтингте бірінші екендігін айтты, ал Астана 21-ші орында. Біздердің ауа райымыздың өзі ұқсас екендігін ескере отырып, біздің міндетіміз - 1-2 орындарды Торонтомен бөлісу. Біз оны жүзеге асыратындығымызға үміт артамын», - деді қала басшысы.

Ә.Жақсыбеков өз сөзінде елорданың әлемнің интеллектуалды, инновациялық қалаларының біріне айналатындығына сенім білдірді. Сонымен қатар әлемдік барлық стандарттарға сай келу үшін қалада барлық шаралар қолға алынып, қажетті ресустар пайдаланылатындығын атап өтті.

«Барлық процессор инновациялық болады, ал енгізілетін технологиялар жүйесі халықтың барлық санатына қол жетімді жасалады. Бұл үшін біз 2 маңызды жобаны жүзеге асыруға кірістік. Біріншісі Зияткер көлік жүйесі жобасы, ол қаланың 6 көшесіне енгізілген», - деді ол.

Елорда әкімінің айтуынша, екінші жоба қауіпсіз қала деп аталады. Осы жобаның арқасында елорда көшелері мыңнан астам бейне камералармен, ондаған «ақылды» бағдаршамдармен жабдықталған.