Жауын-шашын салдарынан 16-17 мамыр күндері елорданың 12 учаскесін су басып, көлік қозғалысы шектелді. «Қазгидромет» мәліметтері бойынша жауын-шашынның айлық мөлшері 34 мм болса, сол күні бір тәулік ішінде 38,5 мм жауын-шашын жауған. Синоптиктердің хабарлауынша, елордада алдағы күндерде де көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады деп күтілуде.
«Демалыс күндері жауған жауын-шашын жалпы нормадан ауытқыған құбылыс. Жауған жаңбыр мөлшері қалыпты мөлшерден асып кетті. Синоптиктердің болжауынша, мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл күндері барлық техниканы жұмылдырып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажет. Су соруға арналған құрылғылар су басу қаупі бар жерлерде орнатылуы керек», - деді әкім.
Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс атқаруда. Астанада демалыс күндері 10 мың текше метр жаңбыр суы сорылды.