Ә.Жақсыбеков: Жолаушылар тасымалы астаналық қызмет көрсетудің жоғары талаптарына сай болуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ақылды қаланың» ең алдымен заманауи инфрақұрылымы болуы керек. Елорданың жаңа интеллектуалдық көлік жүйесін жүзеге асыру Астана әкімдігінің бүгінгі аппараттық кеңесінде талқыланған басты мәселелердің бірі болды.

Қозғалыс ағынының қарқындылығы мен жылдамдығының орташа көрсеткіштерінің аздап артқанына қарамастан, жолдағы кептелістер өзегін жоғалтпай отыр. Еске сала кетейік, жаңа көлік жүйесі жобасының бірінші кезегі 42 қиылысты қамтыды. Жобаның екінші кезегінде қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесін іске қосу көзделген. Қазірдің өзінде елорданың автобус парктері жаңаланды. Оған қоса, бұған дейін де айтылғандай, Астана жақын уақытта заманауи 200 автобуспен қамтамасыз етіледі. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің айтуынша, әуелі жолаушылар тасымалының сапасы жақсартылуы тиіс. Қазіргі уақытта бұл бағыт тұрғындардың арыз-шағымдары көп түсетін салалардың бірі. Қоғамдық көлікті арнайы тексеру барысында (43 автобус қамтылған) қызмет көрсету, жолаушылармен қарым-қатынас, санитарлық жағдай, жол жүру ережесін бұзу, бағдарлардың қозғалысы арасындағы интервал және т.б. бағыттарда жүргізушілер мен кондукторлар тарапынан бірқатар бұзушылықтар анықталды. Тиісті қызметтерге елорда тұрғындарының сын-ескертпелерін ескере отырып, кемшіліктерді жою тапсырылды. Жолаушылар тасымалы астаналық қызмет көрсетудің жоғары талаптарына сай болуы тиіс. Астана әкімі сонымен қатар, астананың инвестициялық тартымдылығын дамыту мен бизнеске қолдау көрсетуге мүдделі ұйым ретінде ең алдымен Инвесторларға қолдау көрсету орталығының жұмысын күшейтуге назар аударды. Қала Астанаға инвестиция тарту үшін барлық жағдайды жасауда. Әкімдіктің қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыруы және әкімшілік кедергілерді азайту - бұл жұмыстағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады, деп хабарлайды astana.kz. Сонымен қатар кеңесте қалалықтардың қысқы мерекелерге дайындығы мен қысқы демалысын ұйымдастыру мәселелері де қозғалды. Қысқы Астана мұз қалашықтары, жаппай коньки тебу, желтоқсандағы мерекелерге арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар сияқты алуан түрлі бағдарламалар дайындауда.