«Қазіргі таңда сайлауалды науқан белсенді жүріп жатыр. Аталған сайлау науқанының үш ерекшелігін бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, алғашқы он күнде кандидаттарға да, олардың сенімді өкілдеріне де ешқандай ескертулер болған жоқ, заң бұзушылықтар байқалмады. Бұл қоғамдағы сайлау мәдениетінің, жалпы саяси мәдениеттің жақсы көрсеткіші болып табылады. Екінші ерекшелік - қазір көптеген үгіт-насихат шаралары өтуде. Олар - онлайн-эстафеталар, форумдар, бейнероликтер, флэшмобтар, конкурстар. Сайлау үдерісіне келгенде жастар енжарлық танытады деген пікір қалыптасқанымен аталған іс-шараларға жастар белсенді қатысып жатыр», - деді А.Жолдыбалина.
Оның айтуынша, сайлау науқанының үшінші ерекшелігі ретінде Орталық сайлау комиссиясында бүгінгі таңда 402 шетелдік байқаушының тіркелгенін айтуға болады. Алғашқы онкүндік үшін жоғары көрсеткіш. Бұл халықаралық қауымдастық Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға қызығушылық танытып отырғанын білдіреді.