Ә.Жұмаділдаев: Қазақстанда КО елдері инвесторларының қатысуымен заңды тұлғалар саны артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Кеден одағы елдері инвесторларының қатысуымен заңды тұлғалар саны артып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.

«Кеден одағы құрылған кезден бастап Ресей мен Беларусь импортынан қосылған құн салығының жыл сайынғы өсімі байқалады. Мәселен, 2013 жылғы аталған елдердің импортынан түскен қосылған құн салығының жалпы көлемі 367 млрд. теңгені құрады. 2013 жылмен салыстырғанда, түсім өсімі шамамен 41 млрд. теңгеге жетті. Ал 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 42 млрд. теңгені құраған еді», - деді ол.

Комитет төрағасының атап өтуінше, Кеден одағына мүше аталған мемлекеттерден келетін салық салынатын импорт көлемі 2013 жылы 3 трлн. 59 млн. теңгені құраған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 340 млрд. теңгеге артық. Ал 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда импорт көлемі 352 млрд. теңгеге өсіп, 2 трлн. 719 млрд. теңгеге жеткен.

«Кеден одағына мүше мемлекеттер инвесторларының қатысумен заңды тұлғалар санының жыл сайынғы артуы байқалады. Мәселен, 2012 жылы аталған ивесторлардың саны 4737-іні құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 423-ке ұлғайды», - деді Ә.Жұмаділдаев.