А. Жұмағалиев: Қазақстанда аналогтық хабар тарату кезең-кезеңмен өшірілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда аналогтық хабар таратуды кезең-кезеңмен өшіру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевке сілтеме жасай отырып Kazpravda.kz хабарлады.

«Біз халықты сандық эфирлік хабар таратумен қамтуды қарастырамыз, сөйтіп Қазақстан өңірлері бойынша кезең-кезеңмен «аналогты» сөндіру жоспарлануда. Әрине, нақты елді мекен тұрғындарының ұлттық серіктік, сандық эфирлік теледидар, кәбілдік және IDTV арқылы отандық телеарналарға қолжетімділігі ескеріледі», деп хабарлады агенттік басшысы. А. Жұмағалиев қазақстандықтар аналогтық теледидар өшірілетіні туралы алдын ала хабарланатын болады деді. Ведомство басшысы елдегі сандық теледидарды дамыту перспективасымен ой бөлісті. Егер ауылдықтар ескірген аналогтық сапада кемінде 5 арнаны тамашаласа, енді оларға заманауи сандық сапада 15-тен 30 арнаға дейін, ал жерсерік арқылы 30 арна көрсетіледі.

ҚР БАА деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 750 мың отбасы немесе 3 млн. адам сандық теледидарға қосылған. «Маңғыстау облысында өңірдің 70 пайызы сандық эфирлік немесе серіктік теледидарға, олардың 20 пайыздан астамы сандық эфирлік теледидарға қосылған. Бұрын бұл өңірдің орталық бөлігіне аналогтық белгі мүлдем жетпеген, шекаралас аудандарда елді мекендер тек көрші елдердің арналарын көруге тура келген», деп мысал келтірді А. Жұмағалиев.

Еске сала кетейік, 2012 жылғы 3 шілдеде Мемлекет басшысымен республикалық телекөпір барысында эфирлік сандық теледидар жүйесі іске қосылған. «Қазақстанда сандық теледидарды енгізу - елдің үдемелі индустрияландыру тармақтарының бірі. Бізге жаңа техника, жаңа технология келді. Бұл сапаны арттырады. Сөйтіп Қазақстанның бүкіл аумағы ұлттық теледидар арналарының белгілерін қабылдайтын болады», - деген болатын Н. Назарбаев. Сол күні сандық теледидар 370 елді мекенде пайда болды.