А.Жұмағалиев Көлік және коммуникация министрлігінің құрылымдық бөлімшелер жұмысы тиімділігін анықтайтын көрсеткіштерді жасауды тапсырды

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев ведомство ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуде көлік-коммуникация саласының алдында тұрған перспективалық міндеттері мен ведомствоның функцияларының кеңеюіне байланысты  жұмыс өрісі талқыланды.

Сондай-ақ, Асқар Жұмағалиев құрылымдық бөлімшелердің басшыларына  комитеттер мен департаменттердің  және бүкіл ведомствоның жұмыс тиімділігін анықтайтын көрсеткіштерді (КРІ) жасауды тапсырды.

Ведомствоның басымдық берілген міндеттерін айта келе, ол министрліктің қызметтерін  автоматтандыру қажеттілігіне назар аударды. Министрдің айтуынша, «мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру сыбайлас жемқорлықтың пайда болуын азайтады».

Бұған қоса, ведомство басшысы көліктік қызмет көрсету сервисінің деңгейін көтеру, автомобиль жолдары құрылысының сапасын арттыру, техникалық тексеруден өту стансаларының санын көбейту, азаматтық авиацияны дамыту секілді көлік-коммуникация саласындағы өзге де көптеген мәселелерге назар аударды.

А.Жұмағалиев көлік саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне  де тоқталып, оның  дамуына апаратын жолдарды  жоюға бағытталған іс-шаралар жүргізу қажеттілігін атап өтті.

Министр былтыр осындай мәселеге тап болған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жағдайды мысал ретінде келтірді. ХҚКО-нда жүргізілген жұмыс сыбайлас жемқорлықты   болдырмаумен  қатар, оған жол беретін алғышарттарын жоюға мүмкіндік берді.