АӘК-ке өтініш берген азамат кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім бермек
АСТАНА. KAZINFORM – Атаулы әлеуметтік көмек трансформацияланады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтардың кірістері мен шығыстары негізінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Отбасының цифрлық картасын мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау негізінде атаулы әлеуметтік көмек трансформациясы жоспарланған. Ұсынылып отырған алгоритм атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алуға SMS-хабарлама жіберуді көздейді, - деді Үкімет басшысының жауабында.
Оның атап өтуінше, тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізіледі.
- Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетігі шын мәнінде мұқтаж адамдарды анықтап, мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске тиісті түзетулер әзірледі. Олар мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтуде, - деді Олжас Бектенов.