Абаев: «Тұмар» телевизиялық бәйгесі үшін 214 жұмыс келіп түсті
Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктегі өзінің парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қымбатты достар, 7 наурызда «Тұмар» телевизиялық сыйлығы үшін өтініштер қабылдау аяқталды. Бұған дейін айтылғандай, бұл жобаның мақсаты - журналистер қауымын шығармашылық ізденіске ынталандырып, осы саланың дамуына серпін беру. Сонымен, 12 аталым бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 214 жұмыс келіп түсті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар ақпарат саласындағы танымал тұлғалардан құралған қазылар алқасының іріктеуінен өтеді», - деп жазды министр.
Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, «Тұмар» телевизиялық сыйлығы үшін марапаттау рәсімі 17 наурызға белгіленіп отыр.
Еске сала кетейік, Телевизиялық өнер саласында жоғары жетістіктері үшін берілетін «Тұмар» Ұлттық телевизиялық жүлде телекомпаниялар қызметкерлерінің, шығармашылық ұжымдардың, продюсерлік орталықтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, Қазақстанның көпұлтты халқының салттарын сақтау және бірлігін қалыптастыруға бағытталған.
17 наурызда мемлекеттік органдардың, республикалық және жергілікті телевизиялық арналар басшылығы өкілдерінің, шетелдік сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің, медия-тұлғалардың және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен марапаттау рәсімі өтеді.