АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық футболшы Абат Айымбетов ресми түрде түркиялық «Адана Демирспор» клубының ойыншысы атанды. Бұл жайында команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Келісім-шарт 1,5 1 жүйесі негізінде жасалған. Ол түркиялық командада сенегалдық шабуылшы Мбайе Ньянгудің орнын басады.
Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген.
Футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы «Ақтөбе» командасында бастады. Одан кейін алматылық «Қайрат», елордалық «Астана» клубтарында ойын көрсетті.
Ұлттық құрама сапында 2019 жылдан бері 35 ойында 9 гол соғып үлгерді. 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ұлттық құрама сапында 9 ойында 3 голдың авторы атанды.
«Адана Демирспор» 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында ойын көрсетіп келеді. Түркия суперлигасының 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.