Абат Байтақ: Шыңғыс ханның ұрпағы әлде Асан қайғының баласы

None
ҚОБДА. ҚазАқпарат – Қобда ауданындағы Абат Байтақ қорымы аса құнды. Дегенмен мұнда әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бір ғана Абат Байтақ туралы екі түрлі аңыз бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Абат Байтақ туралы қос аңыз

Қобда ауданындағы Абат Байтақ кешенінің аймағы әлі де зерттеуді қажет етеді. Мұнда сармат дәуірінің археологиялық қорғандары да жатыр. Ақтөбелік журналистер облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырумен Абат Байтақ қорымына барып, кезекті зерттеу жұмыстарымен танысты.

«Жиренқопадан кейін Көкүй ауылы бар. Ауылдан Елек өзеніне қосылғанға дейін 80-нен аса археологиялық қорғандар тізбегі бар. Бірнешесі Абат Байтақ кешенінің аумағына кіреді. Ал Абат Байбақ мавзолейі ХІV ғасырдың ескерткіші болып табылады. Қорымда XIX-XXI ғасырлардағы 250-300 құлпытас бар. Мавзолей қабырғасының ені 1,5 метр. Дәл осы жерде кірпіш күйдірген піштің орны бар. Қорымды негізі ғалым Серік Әжіғали зерттеді», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Тарихта екі түрлі аңыз бар. Біреуін 1979 жылы табын руының ақсақалдарынан Серік Әжіғали жазып алған.

«Еділ-Жайықты тастап көшкен ноғайлы ыдырап, Орманбет би өлген соң сол ноғайлы ұлысының бірнеше руын бастап көшкен Асан қайғы баласы Абатты Жем бойынан желмаяға мінгізіп, қолайлы жер іздеуге жібереді. Сонда осы ұлы Қобданың бойындағы жерді көріп, асығып еліне оралған Абаттың астындағы желмаяның аяғы інге кіріп кетіп, омыртқасы үзіліп, мерт болған. Осы суық хабарды естіген жұбайының жүрегі жарылып өлді деген аңыз бар. Ел болып жиылып екеуін де осы мавзолейге қысқа уақытта жерлеген. Екінші аңыз бойынша бұл мавзолейде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы, Жошының баласы Бату, яғни, Бату ханның інісі Байтақ әулие жұбайы және қызметшісімен жерленді деген дерек бар. Сол екінші аңызды Серік Әжіғали бастаған ғалымдар дұрыс деп есептейді. Біз де сол екінші аңыз шындыққа жақын деп ойлаймыз. Өйткені 2004 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізген кезде үш адамның сүйегі табылды. Төрде ер адам, аяқ жағында әйел, босағада қарапайым жерленген ер адам жатыр», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.


Негізі кесенені қалпы келтіру кезінде антропологиялық зерттеу мүмкін болмаған. Ғалымдар, зерттеушілер мавзолей ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында аяусыз тоналған деп есептейді. Мұнда үш метрлік порталды бұзып, маңайдағы ел құрылысқа пайдаланған.

«Табиғи қирап, бұзылан болса 20 мыңға жуық кірпіштің бір бөлігі сақталатын еді. Тек құмның астына көмілген 2-3 қатар кірпіші қалған. Осыдан кейін әдейі қиратылған деп есептейміз. Зерттеу жұмыстары кезінде кірпіш ұлы Қобда құмынан, өзен батпағынан салынғаны анықталды. Бірнеше күн түнетіп деп айтады, яғни, суға араластырып қойған. Содан күйдіріп, жартылай әйнекке айналдырған. Мұндай технологияны ғалымдар Х ғасырдан бері Иранда жасалған. Болжам осы. Мавзолейде ағаш табытқа салынған ер адам бар. Оң жағында аса таяқ, сол аса таяқтың басында сегіз қырлы темірден жасалған сабы болды. Қазір облыстық музейде тұр. Бас жағынан 5-6 адамға арналған ет жейтін табақ шықты. Мұсылман дәстүрімен жерленген. Әйел адамның сүйегі тоналмаған. Қабың көйлегі болған. Бәрі бүтін», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Біз үшін Шыңғыс ханның ұрпағы жерленді деген нұсқа өте қызықты болды. Себебі дәл осы екінші нұсқа көп айтылмайды.


«Шыңғыс ханның ұрпағы Байтақ әулие жұбайы, қызметшісімен жерленген. Пугаченковалар жазып алған ел аузынан жазып алған дерек осы. Екінші дәлел 2002 жылы белгілі жырау Алмас Алматов Ақтөбе облысына фольклорлық экспедиция кезінде Орынбордан көшіп келіп, Ақтөбе қалалық мешітінде ондықтың мүшесі болған, табын Наурызғали деген ақсақалдан жазып алған жыры бар. Онда Еділ-Жайықты тастап көшкен Асан қайғының баласы Абат, Асан қайғының ағасының баласы қарға бойлы Қазтуған және оймауыт тайпасының өкілі Шерғұтты Жемнің бойына жетіп, Хантөрткел деген жерде кеңес құрған. Сонда Қазтуған:

«Мен кетемін, кетемін,

Ақдайраядан өтемін.

Алла хаққа бұйыртса,

Мұсылман елге жетемін.

Бағытымды айттып білдірдім,

Не дейсің бұған, бөтенім?» - деп сөз тастайды. Ақдария деп отырғаны Амудария, бағыты Ауғанстан. Бұған Асан қайғының баласы Абат жауап береді.

«Орманбет би өлген күнің,

Он сан ноғай бүлген күн». Қазтуған аға сізді төбе би деп таныдық, тірі болсақ бір тудың астында, өлсек бір шұқырда өлеміз деп қылыш сүйіп, ант бердік. Мен антымнан танбаймын, қайда бастасаң да соңыңнан еремін. Тек атамнан рұқсат алайын деген. Асан қайғы екеуіне бата береді. Сонда бұл үш адамға қарсы Шерғұтты мынадай сөз айтады:

«Ей, Қазтуған, Қазтуған.

Бағың сенің көп болып,

Ақылың сенің аз туған.

Елімді жұрттан айырып,

Бола алмассың мәз туған.

Сенің барар жерлерің,

Қар жаумайтын, жаз туған.

Жаз да болса жайы жоқ,

Еділдей жердің майы жоқ.

Тәжірибелеп қарасам,

Бұл сапардың жөні жоқ.

Біз бұл сапарды еткелі

Орманбет би онда өлді

Байтақ әулие мында өлді.

Мәулім хан мен Қарасақал

Ойылдан өтіп, Жемде өлді», - дейді. Олай болса Асан қайғының баласы Абат тірі кезде Асан қайғы, Қазтуған, Шерғұтты бар кезде Байтақ әулие дүниеден озған. Осыған қарап Серік Әжіғалиев мавзолейді ХІV ғасыр дейді. Ал Асан қайғының өмір сүрген уақыты ХV ғасырдың екінші жартысы. Осындай деректерден кейін мавзолейді Шыңғыс ханның әулеті Байтақ әулиеге салынған деп есептейміз. Қарттардың бәрі Абат Байтақ деген сөзді естімедік, Байтақ әулие деп айтқан. Ғылыми зерттеулерге өзгерістер болады деген ойдамыз. Өйткені фольклорлық зерттеу, құлпытастардағы мәтіндік зерттеу енді қолға алынды», - деді Бекарыстан Мырзабай.


Абат Байтақ қорымына жарты жылда 750 адам келді

Қобда ауданындағы Абат Байтақ қорымына 2013 жылы түнек үйі салынған болатын. Қазіргі уақытта қорымды малдан қорғау үшін арнайы қоршауға алынды. Мұнда студенттер мен оқушылар жиі келеді. Өңірге келген қонақтар да арнайы келіп, құран бағыштауды әдетке айналдырған.

«Түнек үйінде 60 адамға арналған ыдыс-аяқ, демалыс бөлмесі бар. Тамақты кез келген адам өзі дайындап алады. Абат Байтақ туралы мағлұмат беретін ақпарат жинақталған. Газет-журнал оқып, танымын кеңейтуге мүмкіндік бар. Келушілер өте көп. Жыл басынан бері 750 адам келді. Жаз айында аудан оқушылары аралады. Еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылар осында ғылыми жобаларына қажетті мәлімет алып жүр. Лагерь балалары да ағылып жатыр», - деді Қобда аудандық музейінің меңгерушісі Қонысбек Шакенов. Хромтау, Әйтеке би аудандарының оқушылары көп келген. Тарих саласын таңдаған студенттер де бар.

«Қорымда Талдысай тұрғындарының жақындары емес, қалада тұратындардың туыстары жерленген. Сондықтан осы қорымға келіп, ас беретіндер кездеседі», - деді Қонысбек Шакенов.

Ғалымдар құлпытастардағы жазбаларды оқып жүр

Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері қорымдардағы құлпытастардың жазбаларын оқуды жалғастырды. Ақтөбе қаласы маңындағы Жылантөбеге барып, кейін Қарғалы ауданындағы Қызылтам, Алғадағы Есет батыр, Қобдадағы Абат Байтақ қорымын суретке түсіріп, араб әріптерімен жазылған құлпытастарды оқыды.

«Абат Байтақ қорымында 260-тан астам құлпытас бар. Біз 100-ден астамын қарап, оқып шықтық. Құлпытастардың бәрі жақсы сақталған, архитектуралық кейпі өзгеше. Арабша жазылған мәтіндері де сауатты. Көбіне араб графикасымен қазақ тіліндегі мәтін жазылған екен. Бәрі де XIX ғасырға тән. 1920 жылдағы құлпытаста Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы қолданылған», - деді Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов.

Эпиграфикалық зерттеу жобасының құрамында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, ғалым Медерова Дина Есіркепқызы, Дүйсенов Бағдат Даниярұлы, Құрманбаева Құралай бар. Олар Абат Байтақ қорымында табын, ожырай, кете руларының адамдары жерленгенін айтып берді.

«Сатыбалды батырдың немересі жерленген. Екі діни қызметкер кездесті. Олар Меккеге барып келген қажылар. Әрі қорымда тас қашаушы екі адамның аты кездесті. Бірінің аты Нұрәлі екен. Оқып, суретке түсіріп, кейін архив материалдарымен салыстырамыз. Құран аяттары көп қолданылмайды, көркемдеуге мән берген», - Бағдат Дүйсенов.

Құлпытас қою сәнге айналды

Абат Байтақ қорымы 2017 жылы қоршалды. Мұнда мал кіргізілмейді, бірақ адамға шектеу жоқ. Тарихи орынды меншікті мекенге айналдырғандар күн санап артып келеді. Мәселен, қорымдағы Қыз әулиенің басында бірнеше құлпытас тұр. Бірі Бегім, екіншісі Рабиға деп жазып, құлпытас қойған. Бірақ ешқайсысы да нақты зерттелмеген. Өлкетанушылар ХVІІІ ғасырға жататын Қыз әулие ескерткішін шикі кірпіштен қаланған деп есептейді. Бейіттің бір шеті опырылып құлаған.

«Неше түрлі құлпытас қойылған. Бірақ біреуі де өзінікі емес. Себебі адамдар келіп, «аян берді» деп айтып, «ұрпағымыз» деп белгі тас қойып жатады. Мұны тоқтату керек», - деді Бекарыстан Мырзабай.

Айта кетейік, Абат Байтақ қорымында тасқа айналған ағаш та бар. Оның бір бөлігі кесене басында салынған түнемелік үйде сақтаулы тұр.