Абат Жанғалиев – Атырау облысы Құрманғазы ауданының жаңа әкімі

Фото: Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өкімімен, Президент Әкімшілігінің келісімімен Құрманғазы ауданының әкімі тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық мәслихаттың депутаттары Құрманғазы ауданының әкімі лауазымына Абат Жанғалиевтің кандидатурасына қолдап, бірауыздан мақұлдады.

Абат Сайфоллаұлы 1977 жылы Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылдық округінде дүниеге келген.

Батыс Қазақстан аграрлық университетін «агрохимия және топырақтану», Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университетін «құқықтану» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1999-2000 жылдары «Шакупов» шаруа қожалығы тігу цехының тері өңдеушісі болып бастаған.

2000-2001 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аймақтық басқармасының шекарадағы мал дәрігерлік-фитосанитариялық қадағалау бекетінің мемлекеттік фитосанитариялық инспекторының міндетін атқарушы, 2001-2011 жылдары аталған министрліктің Атырау облыстық аймақтық инспекциясында шекарадағы мал дәрігерлік-фитосанитариялық қадағалау бекетінің мемлекеттік фитосанитариялық аға инспекторы болған.


2011-2011 жылдары агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясында өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі бөлімінің бастығы, 2011-2014 жылдар аралығында Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.


2014-2021 жылдары Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, 2021 жылғы наурыздан бері Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Шәкір Кейкін Атырау қаласының әкімі болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.