Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне тоғызқұмалақтан ҚР бас жаттықтырушысы Серік Ақтаев мәлім етті.
Аталған шараны Литвадағы Қазақстанның елшілігі, «Жара» баспа үйі және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы бірігіп ұйымдастырды.
Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны тоғызқұмалақтан екінші халықаралық турнир өтті.
Жарысқа қатысқан 22 спортшының арасында вильнюстік гимназия оқушылары және мектеп ұстаздары, логикалық ойынның әуесқойлары бар.
Ересектер арасында бірінші орынды тоғызқұмалақтан әлем чемпионы, қазақстандық С. Сапарбекова жеңіп алды. Балалар арасында бірінші орын Вильнюс гимназиясының оқушысы Д. Ганчевичюсқа бұйырды.
Қазақстан Республикасының Литвадағы төтенше және өкілетті елшісі В. Темірбаев жарыстың қатысушылары мен қонақтарына қазақ халқы жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл әрі философ Абайдың ағартушылық еңбектерінің ерекше рөлі жөнінде әңгімелеп, ақынның сүйікті ойындарының бірі - тоғызқұмалақ болғанын мәлімдеді.
Қазақстандық дипломат Абайдың атақты литва жазушысы Адам Мицкевичтің өлеңдерін қазақ тіліне аударған шығыстың алғашқы ақыны екенін атап өтті.
Жарыс аясында бас жаттықтырушы Серік Ақтаев Вильнюс пен Каунас қаласының мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізіп, ойынның стратегиясы мен әдістерін айтып берді.
«Литвадағы әріптестермен алдағы уақытта тоғызқұмалақтан жергілікті федерация құру туралы уағдаластық», - дейді тоғызқұмалақтан ҚР бас жаттықтырушысы.
Еске сала кетсек, өткен жылғы қараша айында елшілік, федерация және «Жара» баспа үйі бірігіп литва тілінде тоғызқұмалақ ойынының әдістемелік нұсқасын баспадан шығарды.
Сонымен бірге, өткен жылдың соңында тоғызқұмалақ ойын тақтасы Литваға жеткізіліп, әуесқой ойыншыларға Вильнюстің тарихи орталығында орналасқан баспа үйінің дүкенінде ойын тақтасын сатып алу мүмкіндігі пайда болды.