Абай атындағы опера және балет театры биылғы жоспарымен бөлісті

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Опера түні», квест, әлемдік гастрольдер мен премьералар. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры биылғы жылдың бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл театр сахнасында Евгений Брусиловский, Қанбек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Гүлфайрус Ысмайылова, Сәкен Сейфуллин, Сыдық Мұхамеджанов, Байғали Досымжановтардың мерейтойларына орай «Біржан-Сара», «Қыз Жібек», «Жұмбақ қыз» операларының бұрынғы нұсқалары қойылады.

«2019-2020 жылдар біздің опера мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына толы. Сондықтан театрдың 86-шы маусымның репертуарлары мен концерттік бағдарламаларында сол тұлғаларды насихаттауға басымдық беріледі» - деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева.

Сәуір айында көптен күткен екі премьера болады. Оның бірі ресейлік режиссер Алексей Смирновтың моно-операсы «Анна Франктың күнделігі» және екіншісі стенографиялық шешімдері бар «Корсар» балеті. Оны итальяндық режиссер Лучано Канито және дизайнер Уильям Орланди ұсынады.

Сонымен қатар, Абай атындағы опера және балет театры 27 наурыз Халықаралық театр күніне орай «Опера түні» бірегей квестін ұсынады. Осы күні көрермендер костюмді қойылымдар мен жарық түсіру бойынша суретшілердің алуан түрлі шығармаларын тамашалай алады.

Сондай-ақ, театр ағымдағы жылдың наурыз айында Семей қаласына гастрольдік сапарға шығады. Абайдың туған жерінде алматылық театр «Абай» операсын қоюды жоспарлап отыр. Тарихи қойылымда Құрманбек Жандарбековтың режиссерлік концепциясы мен суретші Құлахмет Қожықовтың сценографиясы толық сақталған.

Мамыр айында Абайдың 175-жылдығына арналған «Абай әлемі» атты орасан зор опера фестивалі өткізілмек. Шара ТҮРКСОЙ қатысушы елдерінің опера театрлары солистерінің қатысуымен «Абай» операсының қойылымы арқылы өз мәресіне жетеді.

Қазақ музыкалық өнерінің інжу-маржанының салтанатты шеруі Ресей, Түркия және Ұлыбритания елдеріне гастрольдік сапармен жалғасын тауып, соңғы қойылым ұлы Абайдың мерейтойын атап өту кезінде Францияда, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтеді.