Абай атындағы опера және балет театры гастрольмен елордаға келе жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 85 жылдығына орай мекеме ұжымының Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдік сапары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Театрдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мерейтойлық гастроль елордада 5,6,7 және 8 шілде күндері «Aстана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

«Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры - қазақ халқының рухани символы болып табылады. Оның тарихы ұлттық опера және балет өнерінің қалыптасуымен, дамуымен және өркендеуімен тығыз байланысты. Театр сахнасында 300-ден астам туынды қойылған. Олар - тұңғыш қазақ опералары мен балеттері, орыс, батыс еуропа опера классикасының жауһарлары», - деді театрдан.

Гастроль бағдарламасында труппа репертуарының алтын қорын құрайтын және көрермендердің тұрақты қызығушылығы мен сүйіспеншілігіне ие болған қойылымдар бар.

«П.И. Чайковскийдің музыкасына қойылған Борис Эйфманның «Анна Каренина» атты спектакліндегі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚМАОБТ примасы Сәуле Рахмедованың бенефисі көрермендер үшін нағыз сый болмақ. Кештерді П. Масканьийдің «Сельская честь» және Р. Леонковаллоның «Паяцы» атты XIX ғасырдың соңында композиторлардың байқауға арнап жазған бір бөлімді опералары ашады. Қос опера да таңғалдырарлық жетістікке жеткен, өкінішке орай, бұл авторлардың өміріндегі жалғыз-ақ жетістігі еді. Отбасылық тамашалау үшін комедиялық спектакльдер - Дж. Россинидің «Күлбике» операсы және Л. Минкустың «Дон Кихот» балеті қызықты болады», - делінген хабарламада.

Гастрольдер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр.