Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма жолына жалғауға 600 метр қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Абай даңғылы Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына (ҮАААЖ) жалғанады.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, Абай даңғылының қала шекарасынан Райымбек ауылындағы Сүйінбай көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы ашылды.

Қазіргі уақытта ұзындығы шамамен 600 метр болатын қалған учаскенің құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны толық аяқтап, ҮАААЖ-ға кіріп-шығатын жол салу үшін бірнеше жер телімін сатып алу қажет.

Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2027 жылдың соңына дейін Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында 5 радиалды жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның ішінде Абай даңғылы, Саин, Рысқұлов, Солтүстік айналма жолы және Тілендиев көшелері толығымен ұзартылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар төрт ішкі магистральдық көшені ұзарту жұмыстары да аяқталуы тиіс. Атап айтқанда: Жұбанов, Мұқанов, Райымбек батыр даңғылдары мен Төле би көшесі. Оған қоса алдағы уақытта Сәтбаев, Хмельницкий және Қажымұқан көшелерін ұзарту жұмыстары басталады.

Еске салайық, 2021 жылы желтоқсан айында Абай даңғылының Бауыржан Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін ұзындығы 3,5 шақырым учаскенің құрылысы аяқталып, жол ашылды.

Ал 2025 жылдың мамыр айында Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталды. Ал жақында қала шекарасынан Алматы облысының Сүйінбай көшесіне дейін көлік қозғалысы ашылды.

Алматыда мәслихат шешімімен 2026 жылы магистральдық көшелерді ұзартуға 8 млрд теңге бөлінген болатын.