Абай қаласында отбасы күніне орай кезекте тұрған 37 жанұя баспаналы болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай қаласында кезекте тұрған 37 адам жаңа бес қабатты үйде қоныс тойын тойлайды. Олар жаңа баспанасын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Отбасы банкі арқылы рәсімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қоныстанушыларға кілтті Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов табыс етті.

«Сіздердің өміріңіздегі маңызды оқиға – баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге беріліп отырған үй өте жақсы. Әр кіреберісте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалған. Үлкен отбасылар тұратын үлкен пәтерлерде екі ванна бөлмесі және екі балкон бар. Барлықтарыңызға бақыт пен амандық тілеймін!» – деп Бауыржан Асанов жаңа қоныс иелерін құттықтады.

35 жастағы Арай Қаюпова төрт бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Ол 2014 жылдан бастап мемлекеттік қордан үй алуға кезекте тұрған және «Нұрлы жер» ипотекалық кредит беру бағдарламасын пайдалануға бел буған.

«Мен кітапханашы болып жұмыс істеймін. Біздің жалақымыз аз. Менің үш балам бар, толық емес отбасымыз. Бұған дейін бізде өз үйіміз болған жоқ, бірақ әрқашан баспаналы болуды армандайтынбыз. Сондықтан мен жеңілдетілген несие бағдарламасын пайдалануды ұйғардым, себебі қарапайым ипотекаға шамам келмейді. Енді айына 57 мың теңге төлеймін. Есесіне отбасымда жөндеуден өткен, тамаша төрт бөлмелі пәтер бар, үйміз үлкен және жарық», – деді Арай.

27 жастағы Анна Черпакова Абайдағы жедел жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істейді. Ол да «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған.

«Менің бір балам бар, біз бұрын анаммен бірге тұратынбыз. Бірақ мен өз пәтерім болғанын армандадым, оны жайлы етіп жабдықтағым келді. Сондықтан мен 15 жылға үш бөлмелі пәтер рәсімдедім. Ай сайын 48 мың теңгеден төлеймін. Бұл мен үшін қолайлы сома, себебі тіпті жалға алғанның өзінде бұл сомадан көбірек қаражат кетеді», – деп атап өтті Анна.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша Абайға кіре берісте тоғыз қабатты екі үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ, 30а орамында тағы бір бес қабатты үйдің құрылысы басталды.

Жеке инвестиция есебінен төртінші шағын аудандағы тұрғын үй қалпына келтіріліп, Жеңіс даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.