Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Рәміздер алаңының ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейге Рәміздер алаңының салынуына себеп болған Солтүстік Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Ғауез Нұрмұхаммедовке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.
-Бүгін, ұлы ақынның туған күнінде Солтүстік Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашқалы тұрмыз. Ерекше атап өтерлігі, бұл – акция аясында пайдалануға беріліп отырған алғашқы нысан. Күллі Абай өңірінің тұрғындарын қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, Рәміздер алаңы қысқа мерзім ішінде, небары алты айға жетпейтін уақытта Бейбітшілік (Түйемойнақ) аралында бой көтерді. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атом сынақтарының тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы бой көтерді. Енді, міне, Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы салынды.
Биыл жазда менің тапсырмаммен «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стэлласына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылып, абаттандырылды. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркін ашып, тарихын байытып, қала тұрғындары мен қонақтары демалатын тамаша саябаққа айналады деп сенеміз.
Баса назар аударып айта кететін бір жайт, бүгінгі күнге дейін ресми ту көтеру рәсімі әр тұста орындалып келді. Дәл осы сәттен бастап мұндай мәртебелі жиындар өзіміз тұрған әсем алаңқайда өтетін болады. Бұл алаңның ашылуын «Абай күнімен» тұспа-тұс жоспарлаған едік. Міне, бүгін біз айтқан сөзімізде тұрып, Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашып отырмыз, – деді Берік Уәли.
«Рәміздер алаңы» – Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранды біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа қоғамдық кеңістік. Алаңның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Композицияның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метрлік мемлекеттік Ту тұғыры. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Алаңда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік, демалыс орындары, орындықтар мен көгалдандырылған гүлзарлар қарастырылған.
Алдағы уақытта Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес қала тұрғындарының қолайлылығы үшін көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынбақ.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау тілегін жеткізді.
Шара барысында Рәміздер алаңының бой көтеруіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Абай облысы әкімі мен СҚО әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, салтанатты шарада белгілі әншілер Ибрагим Ескендір мен Қуандық Рахым өнер көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады.