Абай мектебі жаңа ғимаратқа көшеді: қазіргі мектеп пен интернат не болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Абай атындағы мектеп-интернат жаңа ғимаратқа ауысқаннан кейін ескі ғимараттың тағдыры қандай болмақ? Оқушыларды қабылдау тәртібі мен ұстаздар құрамы өзгере ме? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Былтыр қараша айында Президент тапсырмасымен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының жаңа ғимаратының қазығы қағылды.
Ал биыл қаңтар жаңа мектептің құрылысы басталды. Абай атындағы мектеп-интернат жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін Абай ұлттық мектебі мәртебесін алмақ.
Осы орайда, Kazinform тілшісі оқу ордасының қазіргі ғимараты мен қасындағы екі жатақхананың болашақта қандай мақсатта қолданылатынын Оқу-ағарту министрлігінен сұрады.
Ведомствоның жауабына сәйкес, Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың жаңа ғимараты Бостандық ауданында қарқынды түрде салынып жатыр. Қазіргі ғимараты Медеу ауданында Митин, 6 мекенжайы бойынша орналасқан. Оқу ордасының ұжымы ғимаратының құрылысы мен ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жаңа нысанға толығымен көшеді.
- Қазіргі мектеп-интернаттың ғимараты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында қала береді. Аталған нысанда алдағы уақытта педагогика және психология бағытында педагогтер мен білім алушылардың кәсіби әл-ауқатын арттыруға және қолдау көрсетуге арналған жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр, - делінген министрлік жауабында.
Сонымен қатар ведомство мектеп-интернатының жаңа миссиясы мен даму тұжырымдамасының қабылдануына байланысты алдағы кезеңде кадрлық құрамға өзгеріс енуі мүмкін екенін атап өтті.
Одан бөлек қазіргі уақытта мектеп-интернатқа 7-сынып оқушыларын қабылдау мәселесін министрлік қарастырып жатыр. Осы уақытқа дейін мектеп оқушыларды 8-сыныптан бастап емтихан негізінде қабылдап келді.
Еске салайық, Алматыда Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының құрылысы қашан аяқталатынын жазғанбыз.