Абай мен ағылшын: Мектеп оқушысы қос тілді кітап жазып шықты

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мектеп оқушысы екі тілді кітап жазып шығарды. Абайдың даналық сөздерін негізге ала отырып жазылған планер-күнделік ағылшын тілін үйренуге де көмектеседі.

Abay Shyn кітабының авторы Әлихан Рахымбай «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болып, туындысын таныстырды.

— Қазіргі таңда көптеген жастар дамуға тырысады. Барлығы жетістікке жеткісі келеді. Бұл күнделікте тіл мен Абайдың құндылықтары бар. Мен білім алатын Абай Құнанбаев атындағы № 87 мектепте абайтанушы, белгілі ұстаз Алмахан Мұхаметқалиқызы жұмыс істейді. Оның айтуынша, қазақты оятатын 3 қана нәрсе бар. Бірі — Абай, екіншісі — айтыс, үшіншісі — ат жарыс. Бұл үшеуіне де менің күшім жетпейді. Бірақ мен Абай мен дәл осындай элементтер арқылы жастардың рухын оята аламын. Бұл күнделікте адамдар өздерінің күндерін жоспарлаумен қатар, күнделікті ағылшын тілінде 5 сөз жаттап отырады. Және де Абайдың 1 сөзімен жігер-қайрат алып, күнін берекелі, өнімді өткізе алады, — дейді жас дарын.

Әлихан Рахымбай өзі жазған кітаптың ерекшеліктерін айтып берді.

— Абайдың кез келген сөзі өте рухты. Бірақ мен оның ішінен де кейбір сөздерін сүзіп алдым. Ол сөздер қазақ жастарын оята алатын сөздер. Оларды таңдауға маған Алмахан Мұхаметқалиқызы көмектесті. Күнделік 6 айға негізделген. 6 айда 26 апта бар. 26 аптаға 26 бөлек тақырып берілген. Бұл күнделікті оқушылар, жастар пайдаланатын болса, олар 6 айда өз өмірін 180 градусқа өзгертіп, оған қоса ағылшын тілін үйреніп, Абайдың құндылығымен толық адам болып қалыптасады, — дейді Әлихан.

Оқушы жазып шығарған кітап тіпті лауазымды тұлғалардың да назарына іліккен көрінеді.

— Жақын уақытта мен Асхат Аймағамбетовпен кездестім. Ол кісімен осы күнделік жайында әңгімелестік. Ол кісі мені Еділ Сабырұлымен кездестірді. Сол кезде вице-министр бұл жобаны қолдап, осы күнделікті шығару жұмыстарын соңына дейін жеткізіп, білім саласы бойынша министрліктің мөрін басуға өз көмегін беретінін айтты, — дейді автор.

Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық оқушылардың NASA байқауында жеңіске жеткенін хабарлаған едік.