Абай мұрасы Тегеранда халықаралық деңгейде дәріптелді

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран қаласындағы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Мәдениет институтында ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Abai’s Legacy — World Pride of Kazakhstan» атты халықаралық семинар өтті. Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: СІМ

Іс-шараға Тегеранда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, абайтанушы ғалымдар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинардың ашылуында ЭЫҰ Мәдениет институтының президенті Мұхаммад Хасан Абай шығармашылығына жоғары баға беріп, оның рухани мұрасы ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ игілігі екенін атап өтті.

Қазақстанның Ирандағы Елшісі Онталап Оналбаев «Ұлы Абай туралы» тақырыбында баяндама жасап, Абайдың көрнекті ойшыл, ақын, ағартушы және жаңа қазақ ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі рөліне тоқталды.

— Өз сөзінде Елші Абайдың білім, еңбек, адалдық, халық бірлігі және әділетті қоғам құру туралы идеяларының ерекше маңызын атап өтіп, олардың қазіргі заманда да өзектілігін жоғалтпағанын айтты, — делінген хабарламада.

Абай мұрасының халықаралық маңызына да ерекше назар аударылды. Ақынның шығармалары көптеген тілдерге, соның ішінде парсы тіліне аударылғаны, ал шығыс әдебиеті оның шығармашылығының маңызды қайнар көздерінің бірі болғаны атап өтілді. Қазақстан Абайды жалпыадамзаттық ауқымдағы тұлға ретінде әлем жұртшылығына лайықты таныту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

Семинар аясында қазақстандық, қырғызстандық, ирандық және өзбекстандық ғалымдар Абайдың шығармашылығы мен мұрасының түрлі қырларына арналған баяндамалар жасады. Сондай-ақ қатысушылар назарына оның бай рухани мұрасы туралы бейнесюжет ұсынылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Абай шығармашылығы туралы жүзге жуық ғылыми еңбек жарық көргенін жаздық.