Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қызметінен кетті
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков өз еркімен жұмыстан шықты.
Димитрий Александрович Гариков 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Бородулиха ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1998 жылы Семей құрылыс техникумын, 2000 жылы Д.Серікбаев атындығы Шығыс Қазақстан техникалық университетін бітірген.
Бородулиха ауданы Бородулиха ауылының «Тұрмыс қызметі» АҚ-да от жағушы, Бородулиха МАЗС-да оператор болды.
Кейін Бородулиха ауданы әкімі аппаратының бас маманы; Бородулиха ауданы Дмитриевка ауылында жанар-жағармай құю бекетінің меңгерушісі; «Коммуналдық шаруашылық» мемлекеттік коммуналдық көпсалалы кәсіпорнының бастығы; Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы; «ШҚО Бородулиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы; Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары; «ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшысы қызметтерін атқарды.
Бұдан бөлек, Курчатов қаласының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы, Семей қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды.
Еске салсақ, 14 сәуірде Абай облысындағы Приречное ауылында күнбағыс қабығынан шыққан өрт жекеменшік секторға жайылған.
Өртке байланысты жедел штаб құрылды.
Дала өртіне байланысты тұтас бір ауылды көшіруге тура келді.
Ал кеше Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар және Абай облысында болған табиғи өрт кезінде мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі сақталмағанын сынға алған болатын.