Қарқынды еріген қар Көкпекті ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Қызыл судың үйлерге кіруінің алдын алу үшін 4050 дана ыдыс-қап, 6300 тонна инертті материал төселіп, 3782 текше метр су шығарылды. Көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстарына жалпы саны 161 адам, 28 техника, 16 мотопомпа және 4 жүзу құралы жұмылдырылған.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жағдайды бақылау мақсатында Көкпекті ауданына барды. Көкжайық, Ақой, Үлкенбөкен, Приображенка, Теректі, Шұғылбай және Тассай ауылдарының аумағына тікұшақпен барлау жүргізілді.
«Жергілікті атқарушы орган және «Қазселденқорғау» қызметкерлері инертті материалды тасымалдау, қорғаныс бөгетін ұлғайту, суды бұру арналарын кеңейту жұмыстарымен айналысып жатыр. Су деңгейі мен бөгетті тәулік бойы бақылау үшін 4 гидропост ұйымдастырылды. Сонымен қатар Көкжайық ауылынан келген қызыл су Шұғылбай ауылын басу қаупіне байланысты суды Талменка өзеніне бағыттау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ТЖД, жергілікті атқарушы орган күштерімен суды бұру үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.