Абай облысы озық технологиялар және цифрландыру саласы бойынша шет елмен тәжірибе алмасады 

Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының әкімдігі шет елмен озық технологиялар және цифрландыру саласы бойынша тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

Өңір әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев бастаған Абай облысының делегациясы ҚХР ШҰАА-на сапарлап қайтты. Сапардың негізгі мақсаты заманауи технологиялар, қоғамдық тәртіп және төтенше жағдайлардың алдын алу сияқты негізгі салаларда тәжірибе алмасу болды. Кездесу аясында делегация мүшелері бірнеше өнеркәсіпті аралап, қытайлық кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар қолданатын озық технологиялар мен әдістерді зерттеді. 

«Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына бару бізге цифрландыру саласындағы жаңа технологиялармен танысып қана қоймай, өңірдің дамуына ықпал ететін маңызды байланыстар орнатуға жол ашты. Бұл сапар облысымыздың негізгі салаларындағы жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі аппаратының басшысы.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Делегация ШҰАА-ның тиісті органдар жұмысымен танысып, осы әдістерді Абай облысына енгізу мүмкіндігін талқылады. 

Бұдан бөлек, делегация Үрімжі өрт-құтқару жасағының командалық орталығына, Шыңжаң полиция академиясына, Шыңжаң бағдарламалық қамтамасыз ету паркіне, «GAC passenger Car Co., Ltd.» компаниясының филиалына, Үрімжі орталығының мәдени жоспарлау залы мен «Guyuanxiang» қоғамдық сервистік орталығында болды.

Фото: Абай облысы әкімдігі

«Бүгінде облыста бірқатар цифрлық жоба іске асырылып жатыр. Мысалы, 2024 жылы бірыңғай байланыс орталығын толық іске қосу жоспарда бар. Бұл аймақтың тіршілігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштерді тәулік бойы қабылдауды жүзеге асырады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі мәселелері және Абай облысы әкімдігінің қызметіне қатысты басқа да мәселелер бойынша кеңестер бермек. Жобаны іске асыру аясында Семейде 2022 жылдың қазан айынан бастап бір жарым мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылды. Облыс әкімдігі төтенше жағдайлардың алдын алу және анықтау жүйесінде озық технологиялар мен цифрландыруды енгізуді көздеуде», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, бұл сапар облыс әкімі мен ШҰАА партия комитеті төрағасы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында ұйымдастырылған.