Абай облысы Шар қаласында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі қайта ашылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Республика күні қарсаңында Жарма ауданының Шар қаласында күрделі жөндеуден өткен қалалық Мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Шар қалалық Мәдениет үйі 1960 жылы бой көтерді. Соңғы рет нысанға 2002 жылы жөндеу жүргізіліп, сыртқы қаптамасы жаңартылып, едендері ауыстырылып, су жүйесі тартылған болатын.
Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимаратқа толық күрделі жөндеу жүргізілді. Шатыры ауыстырылып, барлық терезе, есік және еден жабындары жаңартылды. Су, жылу және кәріз жүйелері ауыстырылып, жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Сахна кеңейтіліп, заманауи жарық және дыбыс құрылғылары, сондай-ақ LED экран орнатылды. Қосымша бөлмелер салынды.
Айта кетейік, биылғы маусым айында аймақ басшысы Жарма ауданына жұмыс сапарымен келгенде Шардағы Мәдениет үйін аралап, мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырған болатын.
Облыс әкімі елді мекен тұрғындарын маңызды мәдени нысанның қайта ашылуымен құттықтады.
— Біз бүгін Республика күні қарсаңында Шар қалалық мәдениет үйінің қайта ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Көктемде осында келген кезімде бұрынғы ғимаратты қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған болатынмын. Міне, бүгін әдемі, кең, жарық, биік, су жаңа Мәдениет үйін өздеріңізбен бірге ашқалы тұрмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаға Жолдауында «тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы» деп айрықша атап өткен болатын. Біз де осы бағытты басшылыққа ала отырып, мәдениет нысандарын жаңғырту ісіне баса мән беріп келеміз. Шар қаласындағы ғимараты толық күрделі жөндеуден өткен бұл өнер ордасы өңірдің мәдени тынысын жандандырып, қала тұрғындарының рухани өмірінде ерекше орын алады деп сенеміз. Бұл жерде шығармашылық ұжымдар өз өнерін шыңдап, жастар рухани тәрбие алып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады. Осы игі істің жүзеге асуына атсалысқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, мәдениет саласының қызметкерлеріне және барша тұрғындарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Шарға осымен үшінші рет келіп отырмын. Қаланың дамуы үнемі менің назарымда, жеке бақылауымда болады, — деді облыс әкімі.
Жергілікті тұрғындар Мәдениет үйінің жаңғырып, қайта ашылуын жылы қабылдап, үлес қосқандарға ризашылықтарын білдірді.
— Бүгін Шар қаласы тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтуға болады. Мәдениет үйіміздің қайта жаңарып, жарқыраған сәтіне куә болып отырмыз. Шар қаласында бассейн құрылысы басталды. Келесі жылы бірнеше көшенің жолы жөнделетінін айтты. Облыс басшылығына алғыс айтамыз, — деді қала тұрғыны Талғат Құмаров.
Аймақ басшысы «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі және «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Биыл өңірде бірқатар мәдени нысандар жаңартылды. Абай ауданының Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйіне, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханаға, Абай атындағы театрға және Семей қаласындағы Ф. М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық маңызы бар тарихи-сәулет ескерткіші саналатын облыстық тарихи-өлкетану музейінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
2025 жылы аймақтың мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен бес жаңа нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Үржар ауданындағы Жоғарғы Егінсу ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық клубтың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Бородулиха ауданының Камышенка, Новопокровка, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында жаңа Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізіліп жатыр.