Тарихи мұрадан туристік нысанға дейін
Абай облысы — қазақтың руханияты мен табиғаты тоғысқан, тарихы терең, туристік мүмкіндігі мол өлке. Өңірге келген саяхатшы Семейдің тарихи тынысымен танысып қана қоймай, Абай мен Шәкәрімнің ізі қалған Жидебайға ат басын бұрып, қасиетті мекеннің рухын сезіне алады. Ал Алакөлдің мөлдір суы мен көркем жағалауы демалыс іздеген туристі баурайды.
Саяхат бағытын Семейден бастаған қонақ үшін мұнда тарихи нысанда орналасуға мүмкіндік бар. Бұған 1990 жылдары ағайынды Мусиндер салған қаладағы тұңғыш диірменнің бүгінгі келбеті дәлел. Қазір тарихи ғимарат қонақүйге айналып, мұнда көне суреттер, мейрамхана мен көпшілікке арналған кітапхана жұмыс істейді.
Ал әдебиетке қызығатын турист үшін қонақүйде ақын-жазушыларға арналған арнайы бөлме қарастырылған. Шабыты тасыған қонақ мұнда бір аптаға дейін тегін тұрақтап, шығармашылықпен айналыса алады. Бөлмеде жатын орын, ретро телефон және жұмыс үстелі бар.
Қараусыз нысандар қашан жаңарады?
Бағдарлама жүргізушілері Семейде қайта жаңғыртуды қажет ететін нысанды байқады. Қаланың орталық көшелерінің қиылысында орналасқан ғимарат қазір қараусыз тұр. Аумағы футбол алаңындай жерді алып жатқан нысанның кейпі қаланың көркіне үйлеспейді. Қоршауы да заманауи талапқа сай емес.
Мұндай нысандар Семейде аз емес. Қалада қаңқасы ғана қалған көпестердің үйлері мен бұрынғы кәсіпкерлік нысандар кездеседі. Солардың бірі — көпшілікке белгілі көпір маңындағы аквапарк.
Қала тұрғындары үшін оның қайта іске қосылуы маңызды. Себебі басқа өңірлердегі «Таза қала» түсірілімдері кезінде тұрғындар демалатын орын ретінде аквапарктің қажеттігін жиі айтқан. Семейде ондай мүмкіндік бар болғанымен, нысан бірнеше жылдан бері жұмыс істемейді. Бассейнге су келмеген, ал ғимарат сырттай қарағанда жеңіл жөндеуді қажет ететіндей көрінеді. Соған қарамастан, аквапарк не сүрілмеген, не қайта жанданбаған күйде тұр.
Екі жыл бұрын «Таза қаланың» алғашқы маусымында түсірілген кезде де аквапарктің жағдайы дәл осындай болған. Содан бері өзгеріс жоқ.
— Суы таза еді, әдемі демалатын отбасылық орын болған. Билет алып, үлкені де, кішісі де бос уақытын осында өткізетін, — деп қынжылады тұрғындар.
Тазалыққа талпыныс
Семейде қаланы абаттандыру мен тазалықты сақтау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Сәуір-мамыр айларында шаһар бойынша 8 жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, 162 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Нәтижесінде негізгі көшелер, аулалар мен демалыс орындары тазартылды. Бастама жаз айларында да жалғасын тауып, аптап ыстыққа қарамастан тазалық жұмыстарына атсалысатын тұрғындар қатары артты.
— «Сана тазармай, қала тазармайды» демекші, қала тұрғындары көшесін, өз ауласын тазалауға жұмылады. Түрлі түсіндірме шараларын, әртүрлі флешмобтар өткіземіз, — деді Семей қаласы әкімінің аумақ бойынша бас инспекторы Елубек Оспанов.
Тазалық бастамасына еріктілер де белсенді атсалысып жүр. Солардың бірі — Әмина Бауыржанқызы.
Ол қала көшелерін тазалауға бірнеше рет қатысып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
— 15-тен аса сенбілікке шықтым. Қазіргі уақытта акциялардың арқасында жан-жақтағы қоқыс жиналды, — деді ерікті.
Жидебайдың туристік тынысы
Келесі бағыт — Жидебай қорығы. Мұнда туристерге қажетті жағдай жасалған. Жолы тегіс, көлік тұрағы мен тамақтанатын орындар қарастырылған. Еуразия кіндігіндегі инфрақұрылымның жай-күйі көңіл қуантады.
Жидебайға ат басын бұрған саяхатшы Абай мұрасымен жақынырақ таныса алады. Музейде ақынның қолданысында болған түпнұсқа жәдігерлер сақталған. Баға жетпес мұраны келер ұрпаққа жеткізу үшін мамандар экспонаттарға тұрақты күтім жасап, олардың сақталуына ерекше мән береді.
— Абай Құнанбайұлының он жылы осы жерде өткен. Музейдің зал қараушылары мұраны далаға шығарып, күн жылыған кезде қыста бірнеше мезгіл, көктемде бірнеше мезгіл, жазда арнайы шығарып, кептіріп, жайып қояды. Ал одан кейін арасына дәрі себіледі, — деді Абай музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Лаура Күзембай.
Музейдің жұмыс уақыты да келушілердің сұранысына қарай бейімделеді.
Мәселен, Абайдың 180 жылдығы қарсаңында туристер көп келген кезде музей таңғы алтыдан кешкі онға дейін жұмыс істеген. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға белгіленген уақыттан тыс та қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
— Музейдегі басты бөлімдердің бірі — Абай атамыздың жұмыс бөлмесі. Осы үйде он жыл аралығында Абай Құнанбайұлы жетпіс алты өлеңін, жиырма жеті қара сөзін, жиырма алты аудармасын және екі әнін жазған, — деді Лаура Күзембай.
Жидебайға келген саяхатшы осылайша тарихи орындарды тамашалап қана қоймай, Абай өмір сүрген ортаны көзбен көріп, оның тыныс-тіршілігімен таныса алады. Ал сапарды жоспарлауға заманауи технологиялар көмектеседі. Музей аумағында байланыс тұрақты жұмыс істейді, ақпараттық тақтайша мен QR-код орнатылған. Оны сканерлеген турист қажетті бағыттар мен тіпті әуе рейстері туралы ақпаратты бір жерден көре алады.
Жабық нысандардың жайы не болады?
Саяхатшы Жидебайға келгенде Абайдың үйін ғана емес, оның айналасындағы тарихи кеңістікті де көргісі келеді. Ұлы тұлғаның табаны тиген жермен жүріп, Шыңғыстауға көз салған туристі мұндағы әрбір нысанның жай-күйі қызықтыратыны анық. Алайда осы маңға көз жүгірткенде, қараусыз қалған тұстар бірден байқалады.
Мұны Жидебайдағы музей-қорық аумағынан да көруге болады. Мұнда келушілер үшін есігі ашылмаған нысандар аз емес. Бағдарлама жүргізушісі Шәкәрімнің саятқорасына барған кезде оның ауласының да арамшөп басып, қараусыз қалғанын көрді. Нысанның кімге тиесілі екені және қазір қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз.
Ал ең өзектісі — келушілерге қажет инфрақұрылымның пайдаланылмай тұрғаны. Мәселен, заманауи талапқа сай салынған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайы қарастырылған санитарлық орынның есігі құлыптаулы. Оны пайдалануға беруге не кедергі екені, ашылуы үшін қандай шешім қажет екені әзірге түсініксіз.
Абай әлемінің алтын өзегі
Аумаққа көз салсаңыз, Абай мен Шәкәрімнің кесенелері алыстан менмұндалап көрінеді. Мұнда туристер тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты маңызды деректерді біле алады.
Білікті мамандар ақынның мұрасын әсерлі жеткізіп, өлеңі мен сөздерін жатқа айтқанда, келуші сол заманға еріксіз еніп кеткендей әсер алады.
— Бұл жерде жыл сайын мектеп оқушылары арасында Абай–Шәкәрім поэзия күндері өткізіледі. Поэзия күні ең алғаш аудандық көлемде басталды. Содан кейін қалалық болды, облыстық болды, кейін республикалық деңгейге жетті. Абай атамыздың 180 жылдығына байланысты әлемдік деңгейде өтті.
Абай атамыз бен інісі Оспан Құнанбайұлы оң жақ кесенеде жерленіп, мәңгілік қоныс тапқан, — деді Жидебай қорық-музейінің меңгерушісі Қайыржан Күзембай.
Абайдың Жидебайдағы музей-қорығы мемлекет қорғауында. Аумағы 6 мың 400 гектар.
Музейдің ішкі безендірілуінен де қазақтың дәстүрлі мәдениеті анық көрінеді. Әрбір сәндік элементтің өзіндік мәні бар. Бұл орын Шәкәрім Құдайбердіұлының да мәңгілік мекені. Сондықтан мұнда экскурсия жүргізетін мамандардың жауапкершілігі зор. Олар тарихи деректі таныстырып қана қоймай, келушіге сол дәуірдің рухын сезіндіруге тырысады.
Алакөл: турист көп, түйткіл де бар
Аймақтың басты туристік бренді — Алакөл. Мұнда демалушылардың қарасы қалың.
Алайда саяхатшылардың көпшілігі ортақ бір мәселені атап өтті.
— Көңілден шығып жатыр. Бірақ дәретхана тапшы. Бесеуінің ішінде біреуінің ғана есігі ашық. Су ақпайды, желілері дұрыс жұмыс істемейді. Ал әкімдіктен хабар жоқ, — деді тұрғындар.
Соған қарамастан, Алакөлдің табиғаты мен демалыс мүмкіндігіне риза болған туристер аз емес. Мөлдір суы мен көркем жағалауы келушілерді қайта оралуға ынталандырады. Бұған қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салып жүрген кәсіпкерлердің үлесі бар.
Солардың бірі — өзге елдердегі демалыс орындарының тәжірибесін көріп, Алакөлдің туристік әлеуетін дамытуға бел буған кәсіпкер Айгүл Исанова.
— Келген қонақтарымыздың бәрі таңданып жатыр. «Түркиядан кем емес» деп жатады, — деп бөлісті кәсіпкер.
Бүгінде демалыс орнына еліміздің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Танымал әншілердің қатысуымен өтетін концерттер мен әлеуметтік желідегі жарнама да келушілер санын арттырған. Мұнда ересектермен қатар балалардың демалысына да жағдай жасалған. Ал Алакөлдің толқынынан тайсалғандар үшін арнайы бассейн бар.
— Бізге елдің оңтүстігінен, Шымкенттен келіп жатқан қонақтарымыз бар. Олар екі жылдап қатарынан келіп жатыр, — деді кәсіпкер.
Шипалы балшықтың әлеуеті ашылмаған
Алакөлдің шипалы суы мен табиғи балшығы — туристерді тартатын маңызды ресурс.
Жергілікті мамандар балшықтың емдік қасиеті жоғары екенін айтады. Алайда оның құрамы әлі толық зерттелмеген. Ал табиғи емге қызығатын демалушылар жағалауда тиісті жағдайдың жоқтығына қарамастан, балшықты өз бетінше пайдаланып жүр.
— Айналаны реттесек, тек қана қазақстандықтар емес, сонымен қатар әлемнен турист тартатын керемет жер болар еді деп ойлаймын, — деді кәсіпкер Меруерт Айтқазықызы.
Демек, Алакөлдің табиғи мүмкіндігі мол болғанымен, оны толыққанды туристік өнімге айналдыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Соның ішінде жағалауды абаттандыру, келушілерге қолайлы жағдай жасау және демалыс маусымындағы ауызсу тапшылығын шешу маңызды.
Жағалаудың қауіпсіздігі де назар аударуды қажет етеді. Кәсіпкердің айтуынша, толқыннан қорғайтын волнорездер жағажай аумағын кеңейтіп, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
— Арбаттың бойында бір толқынкескіш орнатылды. Ол негізі бастапқыда 11 дана болуы керек екен. Алдымен 9-ға азайды, қазір мүлдем біреуі ғана қалды. Соның өзі үлкен бір жағажайдың жасақталуына себепші болып тұр. Дәл сондай толқынкескіштер қойылса, керемет жағажай көбейер еді деп ойлаймын, — деді Меруерт Айтқазықызы.
Аралдағы тыныштық — Алакөлдегі жаңа бағыт
Алакөлге келген туристер көлдің ортасындағы аралдарға да саяхаттайды. Дегенмен барлық арал туристер үшін бірдей ашық емес. Үлкен, Орта және Кішкене Аралтөбе аралдары Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіреді. Ал туристерге баруға рұқсат етілген бағыттарға катер мен қайық тұрақты қатынайды. Бағасы да қолжетімді.
Алакөлдегі демалыстың тағы бір ерекшелігі — жергілікті кәсіпкерлер ұсынатын ұлттық тағамдар. Кейбір дәмдер туристер үшін көлге қайта оралуға себеп болып отыр.
— Сірне үшін ғана осында келетін туристер бар, — деді кәсіпкер Қарлыға Нұрқасымқызы.
Осы кәсіппен жиырма жылға жуық уақыт айналысып келе жатқан кәсіпкердің айтуынша, бұл аралықта Алакөлдегі демалыс орындары айтарлықтай өзгерген. Туристік сұраныс артқан сайын мұндағы қызмет көрсету орындары жаңарып келеді.
Қауіпсіздік басты назарда
Жағажай маңында назар аударуды қажет ететін басты мәселенің бірі — қауіпсіздік. Бұл бағытта жергілікті билік те нақты шараларға көшкен. Алакөлдегі бұрыннан жұмыс істеп келген құтқару бөлімшесі жаңартылып, жағажайға жақын жерден жаңа модульдік бекет іске қосылған.
Мұнда 24 білікті маман қызмет атқарады. Құтқарушылар заманауи техникамен, қуатты катер және гидроциклдермен жабдықталған. Сонымен қатар жағалау бойына 24 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Мұның барлығы демалушылардың қауіпсіздігін тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.
— Арнайы дүрбі бар. Түнгі көру мүмкіндігі қарастырылған. Сол арқылы ескерту жасаймыз. Қараңғы түскен кезде суға түсуге болмайды, — деді Аягөз аудандық жедел құтқару жасағының басшысы Нұрлан Тілшібаев.
Құтқарушылар қауіпсіздікті жағалауда ғана бақыламайды. Арнайы техникамен көл аумағын тұрақты аралап, демалушыларға ескерту жұмыстарын жүргізеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл жиырмаға жуық адам өмірі құтқарылған.
— Түсіндірме шаралары тоқтаусыз жүреді. Демалушыларға алкоголь ішіп, суға түспеуін ескертеміз. Балаларды қараусыз қалдырмауын айтамыз. Биік жерден секіруге болмайтынын да ескертіп отырамыз, — деді құтқарушы Болатбек Мұқатов.
Шипажайға жаңа дем керек
Аймақта кезінде талай демалушыға шипа болған шипажай да бүгінде қараусыз қалған нысандардың қатарында. Жылдар өте ғимараттың қабырғалары қирап, нысанның жағдайы нашарлаған. Кейін оны кәсіпкер қолға алғанымен, қолдағы қаражат тек ғимараттың бір бөлігін жаңартуға жеткен.
Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңге жұмсалған. Ал қалған бөлігін толық қалпына келтіруге бір адамның шамасы жете бермейді. Соған қарамастан, бұл орынның емдік қасиеті жергілікті тұрғындардың есінде.
— Бұрынғы қуатын қайтарып, жаңғырса, шипасы буын-буынды емдеп, мазалаған мәселені шешуге көмектесер еді, — деп санайды тұрғындар.
Ал туристер қатары жыл сайын артып келе жатқан өңірде мұндай нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.
Алакөлдің экологиялық түйткілі
Алакөлдегі өзекті мәселелердің бірі — қоқыс полигоны. Ол Қабанбай ауылына кіреберісте орналасқан. Алайда аумағы қоршалмағандықтан, жел көтерілген сайын қоқыс айналаға шашылып, маңайдағы алқаптарды басады. Тұрғындардың айтуынша, қалдықтарды жеген төрт түлік ауырып, кейде қырылып жатады.
Ең қиыны — полигоннан шыққан жағымсыз иіс үш шақырым жердегі ауылға дейін жетеді. Ол жергілікті тұрғындардың тұрмысына ғана емес, туристік аймақтың жалпы көрінісіне де кері әсер етіп отыр. Туристер көп келетін Алакөлдей демалыс орнында қалдықтарды жинау мен орналастыру жүйесі талапқа сай болуы тиіс.
Жергілікті биліктің жоспары
Бағдарлама жүргізушісі көтерілген мәселелердің шешімін білу үшін облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановпен кездесті. Алдымен Семейдегі жылдар бойы жұмыс істемей тұрған аквапарктың тағдыры сөз болды.
— Келесі жылдың аяғына дейін жөндеу аяқталады деген жоспар бар, — деді Думан Оспанов.
Жергілікті билік Алакөлдегі қоқыс полигоны мәселесін де шешуге ниетті. Қазір ауылдан үш шақырым жердегі жаңа аумақта полигон құрылысы жүріп жатыр.
— Бекітілген жерде полигон құрылысы жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін толығымен аяқталады, — деді облыс әкімінің орынбасары
Талай демалушыға шипа болған, бүгінде қайта жаңғыртуды қажет ететін шипажайдың мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
— Санаторий — кәсіпкерлердің иелігіндегі дүние. Қазір оған қалпына келтіру бойынша талап қойылып отыр. Ол да алдағы жылдың жоспарындағы жұмыстарымыздың бірі, — деді спикер.
Сарапшылардың бағасы
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақановтың пікірінше, аталған өңірде туристерді тарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажет.
Оның айтуынша, Алакөлде оң өзгерістер бар болғанымен, шешімін күткен мәселелер әлі де жетерлік.
— Алакөлдің жағдайы жақсарып жатыр. Дегенмен, классикалық проблемалар әлі шешілмеген. Ол — қалдықтар мәселесі, жағажай маңындағы тазалық, қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Бұл мәселелерді рет-ретімен шешу қажет, — деді Елдос Абақанов.
Мамандар назар аударған тағы бір бағыт — Алакөл жағалауының сәулеттік келбеті. Қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш көл маңындағы аумақты біртұтас стильде дамытудың маңызын атап өтті.
— Көл маңындағы аймақты дамытып, олардың сәулеттік келбетін бір стильде жүргізу қажет, — деді ол.
Ал туризм саласындағы инвестицияларды тарту және ілгерілету басқармасының басшысы Мөлдір Боздақбаева өңірдегі оң өзгерістерді атап өтіп, ендігі міндет — бар әлеуетті сақтай отырып, дамуды жеделдету екенін айтты.
— Жидебай қорығы секілді туристік ысандардың әлеуеті жоғары. Бұған қоса сауықтыру орталықтары, Алакөл жақсы дамып жатыр. Енді осы әлеуетті сақтай отырып, қарқынды үдету қажет, — деді Мөлдір Боздақбаева.
Сарапшылардың бағасы бойынша, Абай облысында туристік мүмкіндіктер бар, бірақ оларды толық пайдалану үшін инфрақұрылым, тазалық және сәулеттік жоспарлау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажет. Осы бағалаудың қорытындысында Абай облысы жалпы есепте 21 ұпай еншіледі.