Абай облысы Жаңасемей ауданында бруцеллез ауруының өршуіне байланысты карантин жарияланды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Жаңасемей ауданы Бұлақ ауылында ірі қара малдан бруцеллез ауруының анықталуына байланысты шектеу шаралары енгізілді,
Екі жүзге жуық мал бруцеллез жұқтырған. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасынан хабарлап отыр.
— Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарынан 193 бас ірі қара мал союға жіберілді. Барлық ауру зертхана арқылы расталды, - делінген ақпаратта.
Ведомствоның хабарлауынша, ветеринарлық талаптарға сай карантиндік шаралар жүргізілген. Алайда жергілікті тұрғындар сау малдың екпесіз қалып жатқанына алаңдаулы.
— 12-сі сиырым ауру жұқтырды. Ал көршімнің жиырмадан астам сиыры ауырды. Ауылда аз уақыттың ішінде 300-ге жуық малымыздан айырылдық. Қазір карантинге байланысты қалған малға екпе салу мүмкін емес. Вакцинаны өзіңіз сатып алсаңыз да жарамсыз болып саналады, - дейді ауыл тұрғыны Серікхан Серікбайұлы.
Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, бұл елді мекенде соңғы үш айда 50-ге жуық бруцеллез тіркелген. Мамандар жағдайды тексеріп, бақылауды жалғастыруда.
Еске салсақ, бұған дейін үш мегаполисте 13 заңсыз мал сою цехы табылғаны хабарланған.