Абай облысына биыл жұмыс күші артық өңірлерден 238 адам қоныс аударды
Абай облысында халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды Кazinform.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша 21 336 жұмыс орны құрылған, бұл бекітілген жоспардың 86%-ы. Барлық іс-шара еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша бекітілген Жол картасы шеңберінде жүйелі жүргізіліп жатыр.
«Өңірде жұмыс берушілерді тарта отырып, бос орындар жәрмеңкесі үнемі өткізіліп тұрады. Оларға тұрақты негізде 150-ден астам мекеме қатысады. Сонымен қатар еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды көшіруге 238 адамға бөлінген квота мерзімінен бұрын орындалды. Қосымша 150 адамға квота бөлуге өтінім берілді», - делінген ақпаратта.
Қазір қандастардың қоныс аудару жоспары 71% болып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толығымен жүзеге асырылады деп көзделген. Бағдарлама қатысушыларына барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.
«Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан кешенді шаралар жұмыспен қамту саласының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуге және 2-тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.