Абай облысына инвестициялық жобалар аясында қанша қаражат тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында инвестициялық жобалар пулы аясында 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндені баспасөз мәслихатында осы өңірдің әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлім етті.

Фото: Pixabay

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілгенін білесіздер. Оның инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге 102 іс-шараны қамтиды. Биыл 286,1 млрд теңгеге 74 іс–шараны іске асыру басталып, жетеуі қазірдің өзінде аяқталды. Құны – 4,9 млрд теңге. Қалған жобалар жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында іске асады», - деді Н. Ұранхаев.

Оның айтуынша, 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгізілді.

«Қазір 7,5 млрд теңгенің 6 инвестициялық жоба іске асып, 225 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 1,6 млрд теңгеге тағы 2 жобаны енгізу жоспарланған. Ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы көлемі 560,5 млрд теңгені құрайтын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу. Жобалық қуаттылығы – жылына 50 млн тонна кен өндіру. 1 мың жұмыс орнын құру ескерілген. Бұдан басқа, маусым айында Үкіметте 1,5 млрд долларға ірі мыс балқыту зауытын салуға келісімге қол қойылды. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна мыс шығару. 1 мың жұмыс орны құрылады. Бұл әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер болады», - деді облыс әкімі.

Бұған дейін Нұрлан Ұранхаев 9 ай қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өскенін айтты.