Абай облысынан қола дәуірінің бірегей өндірістік қалашығы табылды

Фото: Виктор Мерц

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында соңғы қола дәуіріне жататын ірі өндірістік аймақтың орны анықталды.

Археологтар бұл нысанды Еуразия даласында баламасы жоқ ерекше ескерткіш деп бағалап отыр. 

Алдын ала деректерге қарағанда, қалашық қола дәуірінің соңғы кезеңінде жоспарланып салынған металлургиялық орталық болған.

Фото: Виктор Мерц

— Ашылған ескерткіштің ерекшелігі — оның нақты жоспарланған құрылымы бар. Қалашықтың аумағы рет-ретімен, түзу сызық бойымен орналасқан құрылыстардан тұрады. Арнайы ойластырылған қала үлгісіндегі бұл нысан — Қазақстан аумағындағы қола дәуіріне тән ең жүйелі жоспарланған археологиялық аймақ болып отыр, — деді Торайғыров университеті Археологиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор Виктор Мерц.

Фото: Виктор Мерц

Мамандардың айтуынша, қоныс тек өндірістік орын ғана емес, сол кезеңдегі идеологиялық және әлеуметтік орталық болуы ықтимал.

Қалашықтың архитектуралық ерекшеліктері оның сол дәуірдің дүниетанымымен байланысты екенін көрсетеді.

Тік бұрышты пішінге ие құрылымның күншығысқа қарай бағытталуы да осыны дәлелдейді.

Фото: Виктор Мерц

Зерттеу тобы аймақта табылған артефактілердің ғылыми құндылығын паш етеді.

— Аймақта табылған артефактілер де қоныстың ауқымын айғақтайды. Қазіргі таңда зерттеу орталығында балта, орақ, қанжар, пышақ, жебе ұштары, металл шиыршықтары және әртүрлі құрал-сайман бөлшектері сақтаулы. Сонымен қатар ағаш пен сүйекті өңдеуге арналған қола аралар да табылған. Әрбір жәдігердің өлшемі, салмағы тіркеліп, графикалық реконструкция жасалып, металл құрамына спектралды талдау жүргізіліп жатыр, — дейді зерттеушілер.

Фото: Виктор Мерц

Зерттеліп жатқан аумақтың жалпы көлемі — шамамен 140 гектар. Археологтар бұны бір ғана қоныс үшін өте үлкен аумақ деп есептейді.

Сканерлеу жұмысы нәтижесінде қалашық аумағында металл балқытатын пештердің болғаны анықталған. Келесі жылы ғылыми топ металлургиялық нысандарды толық зерттеуді жоспарлап отыр.

Фото: Виктор Мерц

Археологиялық материалдар бұл өңірдің өндірістік қана емес, мәдени, сауда және саяси маңызы зор орталық болғанын көрсетеді.

Бірнеше тайпаның өкілдері осында тоғысып, көрші елдермен байланыс жасағаны байқалады.

Фото: Виктор Мерц

— Қалашықтың тіршілігі неліктен тоқтағаны әзірге белгісіз. Бұл сұраққа алдағы зерттеу нәтижесі жауап береді. Бұл жерде қоныс дамыған, көпсалалы қоғам қолайлы өмір сүрген, — деді профессор.

Фото: Виктор Мерц

Еске салсақ, бұған дейін археологтер су астынан ежелгі жәдігерлерді тапқанын жазған болатынбыз.

Фото: Виктор Мерц
Фото: Виктор Мерц