Прокуратура жүргізген тексеру барысында 2025 жылы ауылдық елді мекендерде тұратын және еңбек ететін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария салаларындағы мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға арналған әлеуметтік қолдау көрсетілмегені анықталған.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 70-бабының талаптарын бұза отырып, алты мемлекеттік мекеме 1 705 қызметкерге жалпы сомасы 80,4 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті төлемеген.
– Аталған әлеуметтік қолдау шарасы Ақсуат аудандық мәслихатының шешімімен көзделген және бюджет қаражаты есебінен жылына бір рет 12 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, қызметкерлердің құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
– Қызметкерлерге тиесілі әлеуметтік көмек толық көлемде төленді. Облыс прокуратурасының азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысы жалғасуда, – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, Қазақстанда 36 мыңға жуық жұмыскердің еңбек құқығы қорғалғаны хабарланды.