Абай облысында 10-сынып оқушысы бір аптада ерекше мобильді ойын жасап шығарды

Фото: Фото: Абай облыстық Білім басқармасы

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының оқушысы республикалық ойын жасау байқауында жеңімпаз атанып, 1 млн теңге жеңіп алды.

Абай облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Жалғас Тукен республикалық GDC GameJam байқауында топ жарды. Бұл байқауды Astana Hub пен Grand Mobile ұйымдастырған. Онда елдің әр өңірінен келген 25 команда қатысты.

Ойын шарты бойынша бір апта ішінде өз ойынын жасап шығулары керек. Жалғас осы сайыста «Bombergirl» мобильді ойынын ұсынып, бас жүлдені жеңіп алды.

Фото: Абай облыстық Білім басқармасы

— Ойынның мазмұны бойынша, бас кейіпкер Холли туған қаласын вирус пен техникалық ақаулардан құтқаруы тиіс. Ойын барысында түрлі тапсырма орындап, сюжет бойынша жаңа мәлімет ашылады. Қаланың тұрғындарына көмектесу үшін әртүрлі кедергілерден өту қажет. «Bombergirl» ойыны Unity платформасында жасалып, C# бағдарламалау тілінде жазылған. 2D форматта әзірленген жоба өзіне тән көркемдік стилі, жарық пен дыбыс эффектілерімен ерекшеленеді. Ойын картасы әр жолы жаңа алгоритммен автоматты түрде жасалады. Сондықтан әр ойнағанда жаңа орта пайда болады, — деп хабарлады облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметінен.

Қазір ойын Play Market-ке шығуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта iOS жүйесіне де бейімделмек. Ойын тек ағылшын тілінде, бірақ болашақта қазақ, орыс және басқа тілдерді қосу жоспарда бар.

— Жалғас болашақта бұл ойынды дамытып, жаңа деңгейлер қосу, монетизация енгізу және кәсіби студиялармен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Жүлдеден түскен қаржыға ол кәсіби суретші жалдап, техникалық құрал-жабдықтарын жаңартпақ, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін алматылық оқушылар NASA байқауында жеңіске жеткені хабарланған.