Абай облысында 2024 жылы халықты сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96,6%-ға жетеді

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші осы жылдың соңына дейін 96,6%-ға жеткізілмек.

Фото: primeminister.kz

2024 жылы Абай облысында 22 497 адамды қамтитын 24 сумен жабдықтау жобасы іске асырылады. Оның ішінде елді мекендердегі 6 717 адамға есептелген 14 нысан, 15 мыңнан астам адам тұратын Семей қаласындағы 8 кент пен бір көше бар. Соның нәтижесінде облысты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 96,6%-ға жетеді. Бұл туралы мәлімет өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста ұсынылды. 

Фото: Абай облысы әкімдігі

 

«Облыстағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 3,220,3 км. Су құбыры желілерінің орташа тозуы 48,1% құрайды, оның ішінде Семей – 67%, Аягөз – 31%, Курчатов – 85%. 2024-2025 жылдарға су құбыры желілерін салуға қатысты 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Осылайша, өңірде суға қолжетімділік 100% болмақ», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Аймақтағы су бұру желілерінің ұзындығы – 519,4 шақырым. Бұл ретте тозған құбырлардың үлесі 71,3% құрайды. 2024 жылы Ақсуат ауылында жалпы ұзындығы 22,8 шақырым болатын кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталады.

Сондай-ақ облыста автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған жобаларды іске асыру жалғасуда. Жалпы ұзындығы 75 шақырым жеті учаскеде және жалпы ұзындығы 143,7 шақырым 17 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын 29 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 16 тірек және 3 спутниктік елді мекендерде 57,3 шақырым кентішілік көше-жол желісін жөндеуге қатысты 19 жоба іске асырылуда», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Абай облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6,831,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 176 шақырым республикалық маңызы бар жол, 1 592,5 шақырым облыстық маңызы бар жол және 3 063,3 шақырым аудандық маңызы бар жол.