Абай облысында 350 адамнан 790 млн теңгеден астам қаржы жинаған топ құрықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында Rakhat0425 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды.
Ұйымдастырушылар азаматтардан қаражат тартып, мемлекеттік сатып алуға қатысы бар жалған инвестициялық жобаға 30% дивиденд уәде еткен.
- Нәтижесінде 350 адамнан 790 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Сонымен қатар, күдіктілер азаматтарды пәтерлерін төмен бағамен беруге көндіріп, кейін оларды үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Бұл мүлік «инвестициялық жарна» ретінде бағаланған, - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірдегі департаментінен.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынып, үшіншісіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты жұмыс істеп тұр.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгініңіз.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да Sincere Systems Group қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған.