Абай облысында 4 мыңға жуық жүргізуші жол ережесін бұзған

Фото: Абай облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында барлығы 3993 құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ведомство мәлім еткендей, бұл тек хаттама толтыру немесе айыппұл салу үшін емес. Бұл — әркімнің «Жолда менің де жауапкершілігім бар» деген түсінікті санасына сіңіру үшін ұйымдастырылған шара.

Шара аясында мынадай заң бұзушылықтар анықталды:

  • Міндетті сақтандырусыз жүргендер — 286 жүргізуші. Қауіпсіздік — тек өзің үшін емес, жолдағы әр адам үшін міндет.
  • Заңсыз жолаушы тасымалдағандар — 14 дерек. Жолда табыс табамын деп, біреудің тағдырын қатерге тіккендер.
  • Телефонмен сөйлесіп көлік басқарғандар — 244. Бір қоңырау — бір апаттың бастауы болуы мүмкін екенін ұмытып кеткендер.
  • Белдік тақпаған, жүк пен жолаушыны дұрыс орналастырмағандар — 834 жағдай. Бұл — «не болады дейсің» деген немқұрайлықтың салдары.
  • Маневр жасау ережесін бұзғандар — 304. Әрбір қате бұрылыс — бір отбасының көз жасына айналуы мүмкін.
  • Қызыл жарыққа өткендер — 117. Жол — бәсекелестік емес. Мұнда «бірінші келген жеңеді» деген ұғым жүрмейді.
  • Жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілер — 465. Бұл да үлкен мәселе. Жаяу келе жатқандар өзін қауіпсіз сезінеді, бірақ жолда ереже бәріне ортақ.

— Бұл ретте полицияның мақсаты рейд арқылы халықты қорқыту емес қорғау. Себебі ереже сақтамаудың артында қаншама жазықсыз тағдырлар мен орындалмаған армандар жатыр. Көлік — құрал. Бірақ ол қауіптің көзіне айналуы да бір-ақ сәт. Рөлге отырған әр адам осыны ұмытпауы тиіс. Жаяу жүргінші де «маған бәрі міндетті» деген ойдан арылуы керек. Жол — бірлескен жауапкершілік алаңы. Абай облысының жолдарында қауіпсіздік тек полицейлерге немесе белгілерге қарап қамтамасыз етілмейді. Ол әрқайсымыздың ішкі мәдениетімізге, жауапкершілігімізге байланысты. Полицияның міндеті — жазалау емес, алдын алу. Әр адам аман-есен үйіне оралсын десек, жолда — заң, жүректе — жауапкершілік болу керек. Қауіпсіздікке бәріміз бірдей үлес қосуымыз керек, — деп түсіндірді Абай облысы ПД баспасөз қызметі.

Осыдан бұрын Қостанайда қар жаууына байланысты полиция қызметі күшейтілгені белгілі болды.