Абай облысында 470-ге жуық адам интернетте алаяққа алданған

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында осы жылдың алты айында 468 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді.

Фото: ҚР ІІМ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мират Қабытаев мәлім етті.

- Оның ішінде 369 іс Семей қаласында тіркелген. Қазіргі уақытта 100-ден астам қылмыс ашылды. Алаяқтар көбіне әлеуметтік желілер, жалған инвестициялық жобалар, онлайн-несиелер, банк карталарын «қорғау» және лотереялар өткізу арқылы әрекет етеді. Сондай-ақ олар өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады, - деді ол.

Полицейлер азаматтарды қоңырау шалған белгісіз адамдарға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін ешкімге бермеуге шақырады.

Егер қандай да бір күмән туындаған жағдайда дереу «102» арнасына қоңырау шалыңыз.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде алаяқтық дерегіне қатысы бар күдікті ұсталғаны хабарланған.