Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз қазып алынған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан, ал 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.
Тергеу мәліметінше, топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайған.
Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталды.
Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.
-Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Жетісуда жол жөндеу кезінде 115 млн теңгенің жер қойнауы заңсыз өндірілгені туралы жаздық.