Абай облысында биыл 5500-ге жуық оқушы мектеп бітіреді
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында оқу жылын 101 363 оқушы аяқтайды. Оның ішіндегі 5500-ге жуығы — мектеп түлегі.
Өңірдің барлық қала, ауданында 11-сынып оқушылары үшін қорытынды іс-шаралар 23 мамырда, ал Семей қаласындағы мектептерде 24 мамырда өткізіледі.
— Биыл Абай облысында 5478 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер саны — 363, бұл өткен жылмен салыстырғанда 139 оқушыға артық. Аттестат тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтсе, мемлекеттік емтихандар 30 мамыр мен 16 маусым аралығында жүргізіледі, — дейді облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Түленов.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 16 мамырдан басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Биыл 4981 түлек тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Бұл — жалпы бітірушілер санының 86,6 пайызын құрайды.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында 12 мыңнан астам оқушы мектеп бітіру емтиханын тапсыратындығы хабарланған.